Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына 700-ден астам байқаушы қатысады

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауына бұл жолы 41 шет мемлекет пен 12 халықарлық ұйымнан 700-ден астам байқаушы қатысады. Орталық сайлау комиссиясы әр ұйымның миссиясымен тығыз байланыста жұмыс істеп, саяси науқанға дайындықты пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпуспен жиын өтті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 19 наурызда өтетін сайлауға дайындықты пысықтап, дауыс берушілер мен сайлау учаскелері жайында толыққанды мәлімет берді. Сонымен қатар елшілердің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Алан Уилфред Хэмсон,  Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Канададан қысқа мерзімге 20 байқаушы жіберілді. Олар Еуразияда сайлау барысын бақылаумен айналысатын жетекші саналатын, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрамында елдің әр аймағында жұмыс істейді. Олар сайлау процесі бойынша егжей-тегжейлі баяндама әзірлейді деген ойдамын.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастығы ұйымы 300-ден астам байқаушысын жіберген. Ал ТМД елдері миссиясы атынан 200-ге жуық қысқа мерзімді, тағы 10 ұзақ мерзімді байқаушы атсалыспақ.

Олег Кулеба, ТМД байқаушылары штабының жетекшісі:

- Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттары аралас жүйемен сайланғалы жатыр, сондықтан, әрине, бұған дейінгі сайлаулардан өзгешелігі бар. Науқан сайлауға түсіп жатқан кандидат санымен де, сайлау комиссиясының жұмысты атқарудағы әдіс-тәсілімен де ерекшеленеді. Үгіт-насихат жұмыстары да басқаша жүргізіліп жатыр. Додаға бұрыннан келе жатқан партиялар ғана түсіп жатқан жоқ. Оның үстіне бірмандатты кандидаттардың сайлауға түсуі де үгіт-насихат жұмысына салмақ түсіретіні анық. Дегенмен біз қазір мұқият талдап жатқан заң нормалары науқанды өткізуге мүмкіндік беретіні анық.  

Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – ұлттық байқаушыларды аккредиттеу талабының енгізілгені. Яғни, қоғамдық бірлестік және коммерциялық емес ұйымдар байқауға өз өкілдерін жіберу үшін алдымен жергілікті сайлау комиссияларында ресми тіркеуден өту керек.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Бұрын бұндай аккредитация механизмі болған жоқ. Сондықтан да біз алдын ала жариялап жатырмыз. Егер сіз сол сайлау күні байқаушы ретінде жұмыс атқарғыңыз келсе, міндетті түрде аккредитациядан өтуіңіз керек деген мәліметті біз заң шыққаннан бері кеңірек жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

ОСК төрағасы аккредитациядан өткен барлық байқаушыларға Қазақстандағы сайлау науқандарына тұрақты қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялығына ықпал ететіндігін атап өтті. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Бахыт Топтаева.