Ташкентте сайлауда Наурыз дастарқаны жайылды. LIVE

Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау ел өміріндегі маңызды саяси науқан ғана емес, халықты ұйымшылдыққа үндейді. Өзбекстандағы дауыс беру орнына барған отандастарымыз осылай дейді. Олар елшілік жанында ашылған сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ташкенттегі дауыс беру науқаны белсенді жүріп жатыр. Елшіліктегі учаскелік комиссия өкілдері азаматтық ұстаным білдіремін деушілерге барынша жағдай жасаған. Сайлаудың ұлттық заңнама және халықаралық стандарттарға сай өтуі қырағы қадағаланып отыр. Өзбекстанда консулдық тізімде тұрған 1300-дей отандасымыз бар. Соның кемінде 90%-і дауыс беруге тиіс.

Анархан Мадиярова, дауыс беруші:

- Осы жерде тұрып жатқаныма 25 жылдан асты. Балаларым, немерелерім бар. Елшілікке келіп, сайлауда бірінші болып дауыс бердім. Себебі өз елімді, Қазақстанды, туған жерімді қатты құрмет қылам. Сондықтан бірінші келіп дауыс беруге әрекет қылдым.   

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Таң сәріде басталған науқан Қазақстан азаматтарының ерекше белсенділігін тудырды. Ташкенттен бөлек, өңірден де ат арылтып жеткендер кездесті. Олар бұл елде тұрақты және уақытша негізде тұрып жатыр. Ал сауықтыру орнында ем алып жүргендердің жайы ескерусіз қалмады. Оларға арнайы трансфер ұйымдастырылды.

Жасұлан Ысқақов, сайлау комиссиясының төрағасы:

- Қазіргі уақытта бүкіл жағдай жасалды. Белсенді адамдарға көлік ұйымдастырылды. Қазақстан азаматтары, Ташкенттің шипажайларында демалатын адамдарды елшілікке тасимыз. Сайлау науқаны жақсы өтіп жатыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстандағы 267-ші сайлау учаскесінің есігі кешкі сағат 8-ге дейін ашық болады. Оған дейін мұнда келушілер тек дауыс беріп қана қоймай, Наурыз дастарқанынан дәм татуға мүмкіндік алады. Ташкенттегі бірқатар отандасымыз бен қандасымыз бірлесіп, осындай игі іске ұйытқы болды. Олар түске таяу ет пісіріп әкелетіндерін айтты.