Ресейдегі Қазақстан азаматтары таңдау жасап жатыр. LIVE

Ресейде 5 сайлау учаскесінде, дауыс беруге болады. Атап айтқанда, Мәскеудегі елшілігіміз бен тағы 4 қаладағы Қазақстанның бас консулдықтарында азаматтарымыз өз таңдауын жасап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дана Нұржан, тілші:

- Біз Ресейдегі Қазақстан елшілігінің ғимаратындағы №265 сайлау учаскесінде тұрмыз. Дауыс беру науқаны 3 сағат бұрын басталды. Қазақстанның кәмелетке толған кез келген азаматы бұл жерде таңдау жасауға құқылы. Ол үшін төлқұжатын немесе жеке куәлігін алып келуі тиіс. Негізі дауыс берудің алғашқы сағаттарынан бастап қазақстандықтар оған белсенді түрде қатысып отыр. Алдымен сайлау учаскесі комиссиясының хатшысын тыңдап көрейік.

Руслан Шаймағанбетов, №265 сайлау учаскесінің хатшысы:

- Қазақстан азаматтары елшіліктің сайтында алдын ала тіркеуден өтіп, сайлауға белсенді қатысып жатыр. Шамамен Мәскеу қаласы бойынша 1,5 мың адам келеді деп күтіп отырмыз. Қазір сайлау учаскесінде 3 халықаралық байкаушы бар.

Дана Нұржан, тілші:

- Жалпы, Мәскеуде 1,5 мың адам дауыс береді деген болжам бар. Қазір бөлімшеге келіп жатқандар – қазақ студенттері, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері. Сонымен бірге іссапармен келгендер де аз емес.

Болат Наурызғали, дауыс беруші:

- Жұмыс бабымен келген едім. Ел азаматы ретінде өз таңдауымды жасау үшін учаскеге келдім. Кеше тіркеуге кезекте тұрғанда осы жақтағы біраз азаматтармен әңгімелестік. Барлығының да ойы елдік мүдде болғаны қуантты. Болашағымыз үшін дауыс бердік. 

Дана Нұржан, тілші:

- Еске сала кетейік, Ресейде қазақстандықтар 5 қалада дауыс бере алады. Сайлау учаскелері Мәскеуден басқа Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыдағы еліміздің бас консулдығында орналасқан.