ҚСЗИ сарапшылары шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Жиынға отандық саясаттанушылар мен халықаралық байқаушылар миссияларының өкілдері де қатысты. Тараптар кеше елімізде өткен мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауының қорытындысын талқылады. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, дауыс берушілердің 54 пайызы өз таңдауын жасауы еліміздегі саяси плюрализмнің қалыптасқанын, қоғамда пікір алуандығы барын білдіреді. Елімізде азаматтық қоғам институттары нығайып келеді, бүгінде олардың саны 22 мыңнан асып отыр. Сондай-ақ байқаушылар институтының да белсенділігі артуда. Сарапшылар алдағы уақытта парламент конституциялық реформаларды әрі қарай дамытып, мемлекеттік идеологияны тереңдету мен әлеуметтік саяси жаңаруға ден қояды, деп есептейді.

Талғат Қалиев, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:

- Кешегі өткен сайлаудың нәтижесін талқылап, сол қандай-қандай сұрақтар туындап жатыр, қалай өткенін, түбінде енді қандай өзгерістер болады екен деп сол шетелдік тілшілер өте үлкен қызығушылығын көрсетіп отыр. Біздің реформаларды сараптап жатыр екен соның бәрін ашық әңгіме өткіздік.