Ә. Смайылов: Жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді

Дизельдік отын мен бензин бағасын көтеру – бұл мәжбүрлі шара. Премьер-министр Әлихан Смайылов жанар-жағармай құнына қатысты шешімге осындай пікір айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, бұлай жасамасақ, елде сұйық отын тапшылығы болады. Себебі тұтыну көлемі жоғары және ол уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, наурызда 15%-ке өскен. Ал дизельдік отын Қазақстанда жан басына шаққанда жылына 370 литрден келеді. Ал көрші Ресейде 225, Қырғызстанда 98 және Өзбекстанда 44 литр екен.

Тағы біздегі баға өзгелермен салыстырғанда айтарлықтай төмен екендігін де айта кету керек. Сондықтан шекарада сұр экспорт деректері де анықталып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мысалы, дизель отынының 1 литрі Қазақстанда 230-260 теңге болса, Ресейде дизель отыны 45%-ке жоғары немесе 345 теңге – 1 литрі. Қырғызстанда 64%-ке жоғары немесе 390 теңге 1 литрге, Өзбекстанда 2 есе жоғары немесе 480 теңге. Нәтижесінде арзан қазақстандық отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр. Егер біз баға айырмашылығын төмендетпесек, онда дизель отыны бойынша биыл біз 850 мың тонна тапшылығына ұрынамыз.

Үкімет басшысы багын толтырып, жанар-жағармайды өзге елдерге әкетіп жатқандарға қатысты тиісті шара қабылданатындығын айтты. Жазаны қатаңдату үшін заңнамаға да өзгерістер енгізу жоспарланған. Дегенмен халықты жауапқа тартпай, экономикалық ынталандыруларды өзгерту керек, - дейді Әлихан Смайылов. Бұл өзгеріс, әрине, инфляцияға да әсер етеді. Оны шешу үшін Үкімет басшысы министрлер кабинеті жүйелі шешімдер қабылдайтындығын айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Шынымен де, жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Дизель отынының тұтыну қоржынындағы үлесі – 0,4%, ал АИ-92 бензиндікі – шамамен 2%. Осы ретте баға өсуінің инфляцияға тікелей әсері 0,35% төңірегінде болады деп бағаланып отыр. Бірақ Мемлекет басшысы Үкімет алдына жыл соңына қарай инфляция деңгейін 2 есе төмендету жөнінде нақты міндет қойды. Сондықтан инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі түрде жедел шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, наурыз айының соңында инфляция деңгейі 21,3%-тен 18,1%-ке дейін төмендеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады.