Қазақ-түрікмен шекарасы туралы заң мақұлданды

Сенат Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекара тәртібі туралы заңды мақұлдады.

Аталған елмен 1 бөлімше, 4 застава, радиолокациялық станциялармен жабдықталған 9 техникалық бақылау бекеті және 2 өткізу пункті жұмыс істеп тұр. Келісімде азаматтар мен жүк көліктерінің шекарадан өтуіне тиісті жағдай жасау үшін қажетті нормалар ескерілген. Құжат елдің ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтуды көздейді. Түрікмен тарабы бұл құжатты бір жыл бұрын ратификациялаған болатын.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Келісім арқылы мемлекеттік шекараны күтіп ұстау, адамдар мен көлік құралдарының шекараны кесіп өтуі және шекара арқылы жүктер мен өзге де мүлікті өткізу тәртібі айқындалады. Сондай-ақ, құжатта, мемлекеттік шекарада шекарааралық белдеулер мен сулар шегінде кәсіпкерлік, балық аулау немесе басқа да қызметті жүргізу, қоғамдық-әлеуметтік іс-шара өткізу мәселелері қамтылған.