М.Әшімбаев спортшылардың боччадан чемпионатқа дайындық жаттығуына барды

Қазақстандық спортшылар боччадан ел чемпионатына қызу дайындықты бастап кетті.

Бүгін Астанадағы Паралимпиадалық орталықта алғашқы жаттығу жиыны өтті. Парламент Сенатының Төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев орталыққа арнайы барып, ерекше қажеттілігі бар жас спортшыларға қолдау көрсетті.

Бочча – доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енді. Алайда елде 2018 жылдан бастап қолға алынды. Қазір бұл спорт түрі  мүгедектігі бар азаматтардың арасында танымал.

Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев бірнеше жыл бойы елімізде инклюзивті спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетіп келеді. Мүгедектігі бар балалар үшін мұндай қадамның маңызы зор, дейді Сенат төрағасы.

Алдағы маусым айында Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында боччадан Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған еліміз бойынша 15 және одан жоғары жастағы 50-ге жуық спортшы қатысады.

Диана Молдахметова, жаттықтырушы:

- Күйеуім екеуміз Астанада бочча үйірмесін жүргіземіз. Бастапқыда "Кең мүмкіндіктер әлеміне" жұмысқа кіргеннен кейін, негізі мен голболдан бастағанмын. Қазір одан да жаттықтырамын. Балаларды паралимпиадалық спорт түріне дайындап келе жатырмыз. Үлкен мақсаттар алдымызда бар.

Алтынайдың жасы 11-де. Бірінші сыныптан бастап бочча спортымен айналысып келеді. Арбада билеу және теннис ойнау үйірмелеріне де жазылған. Арманы Франция астанасы Парижді көру.

Алтынай Қазыбекова, қала тұрғыны:

- Бочча спортына анам әкелді. Келгеніме өкінбеймін. Бұл жер қатты ұнайды. Жаңа достар таптым. Спорттың осы түрі бұлшықеттің дамуына оң әсер береді. Буындарды нығайтады. Маған тиер пайдасы көп.

Таяуда Қазақстан бочча федерациясы Boccia International Sports Federation мүшесі болды. Осыған байланысты 6 спортшымыз Польшада өтетін халықаралық челленджерге қатысуы мүмкін.

Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы:

- Ең басты біздің мақсатымыз - ерекше балаларға спорт арқылы тәуелсіз мінезді қалыптастыру. Өйткені спорт арқылы біздің ерекше адамдар өзін тәуелсіз сезінеді. Денені шынықтырады. Ол психикалық және физикалық оңалту болып келеді. Екіншіден бочча паралимпиадалық спорт түрі болғандықтан дарынды спортшыларымызды халықаралық жарыстарға дайындап отырмыз.

Ұлттық құрамамыз биыл қазан айында Қытайда өтетін Азия Паралимпиадасына және 2024 жылы Парижде Паралимпиада ойындарына қатысуға өтінім береді.

Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов