Президент Бүкілармиялық кеңес өткізді

Биыл әскери қызметкерлердің жалақысы өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы атақ үшін төленетін айлық ақы да ұлғаяды. Армияның киім үлгісі өзгереді. Шекара қауіпсіздігіне қатысты жаңа құжат қабылдануы мүмкін. Бүкілармиялық кеңесте осындай жағымды жаңалықтар айтылды. Жиын Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті. Президент «Қолданыстағы әскери инфрақұрылым кеңес әскерінің стандартымен құрылды. Алдымызда армиямызды трансформациялау бойынша күрделі міндет тұр» деді.

Айбынды армия – еліміздің тірегі, елдігіміздің кепілі. Оның үстіне қысқа күнде қырық құбылып тұрған кезеңде әскердің қуатын арттыру аса маңызды. Әсіресе тың технология мен техниканы көбейтпек керек. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев армияға нақты не қажет екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа үлгідегі қару-жарақтың және техниканың, әсіресе дәлдігі жоғары қарулардың, ұшқышсыз басқарылатын техника мен роботты кешендердің үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ әскеріміз ұтқыр болу үшін тасымалдаушы ұшақтардың және ұрыс көліктерінің санын көбейткен жөн. Алдыңғы қатарлы ақпараттық жүйелер мен озық технологияны енгізу – маңызды міндет.

«Жау жоқ деме, жар астында». Сондықтан жауынгерлік дайындық үнемі жетілдіріліп тұру керек. Бұл орайда халықаралық тәжірибе зерттеледі. Озық үлгілер алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы керек. Олардың дербес шешім қабылдау қабілеті өте маңызды. Әскер басшылары қабылдаған шешіміне жауап беруден қорықпауға тиіс.

Армияны толыққанды қаруландырып, жаңғырту ісінде өзіміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл бағытта барлық шараны қабылдауға пәрмен берді. Хош. Шекараң берік болса – елің тыныш, жерің бүтін. Алдағы уақытта шекара қауіпсіздігіне қатысты ереже-міндет өзгеруі мүмкін. Қазір жаңа құжат дайындау мәселесі пысықталып жатыр.

Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры:

- Ушығып бара жатқан геосаяси шиеленіс пен гибридті қақтығыстардың таралуы жаңа сын-қатерлерге алып келуі мүмкін. Бұл жағдай шекара қауіпсіздігін нығайту бойынша кешенді шара қабылдауға міндеттейді. Осыған орай шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында жаңа бағдарламалық құжат әзірлеуді пысықтап жатырмыз.

Енді кадр хақында. Әскери академиялар мен институттардың материалдық базасы нығаяды. Ескіден арыламыз, оқу бағдарламасы өзгереді. Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауап береді. Ғылымсыз дүние жоқ. Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздік ісі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек деді. Яғни, зерттеу жұмысына басымдық беріледі. Тағы бір жаңалық, Астанада күш құрылымдарының мамандарын дайындайтын ұлттық оқу орны салынуы мүмкін.

Еркін Ботақанов, ҚР ІІМ орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы:

- Президент мырза, бүгінде әскери бөлімдердегі қолбасшылардың негізгі сапы Ұлттық ұлан академиясының тәуелсіздік таңы атқан тұстағы түлектерінен құралған. Қазір Астанада қоғамдық тәртіп саласындағы бүкіл уәкілетті органға кәсіби және ғылыми мамандарды даярлайтын жаңа ұлттық жоғары оқу орнын құру қажеттігі туындап отыр.

Әскерде кадр, қару-жарақ, техника ғана емес, форма да жаңарады. Киім үлгісі бүгін Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына таныстырылды. Бәрі өзімізде тігілген, - деді Қорғаныс министрі. Сосын жаңа киімнің ерекшелігін айтты.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

- Бұл форманы Қорғаныс министрінен жауынгерге дейін киеді. Енді аға және командалық құрамға жеке үлгіде киім тігілмейді. Барлығында бір форма болады. Бұған қосымша қаражат жұмсамаймыз. Өйткені жыл сайын бөлінетін қаржыны қайта қараймыз, киім соның есебінен тігіледі.

Әскери қызмет абырой болуға тиіс. Сондықтан азаматтарды ынталандыруға басымдық беріліп жатыр. Мәселен, Отан алдындағы борышын өтеп келгендер жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы әскерді, әскерилерді қолдау күшеймесе, кемімиді. Бұған дәлел...

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұған дәлел, биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орта есеппен 60%-ке өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің еңбекақысы да ұлғаяды. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30%-ке артады. Ал зейнетақымен қамту жүйесі қайта қаралып жатыр. Әсілінде әскерилерді қолдау деген – осы. Олар тұрмыстық мәселеге алаңдамай, елге қорған болу керек.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров, Алмас Омарғалиев.