Қазақстан мен Қытай қандай келісімге келді?

Мұнай экспортын көбейту үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы құбыр кеңейтіледі.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісі салынуы мүмкін. Ал Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт пайда болады. Мұны Президент айтты.  Қытайға жасаған мемлекеттік сапарының екінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық жиынына қатысты. Мәлім болғандай Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қарқын алады. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қойды. Ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін саланың бірі агроөнеркәсіп. Жуырда Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Жиында Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізді. Сосын Қытай компанияларын Қазақстанда қант өндірісін дамытуға шақырды. Осыдан соң құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан арқылы шыға алады. Онлайн сауданы да дамыту  аса маңызды. Осы мақсатта JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Электронды алаңға біздің жеті жарым мың өнім шығарылмақ. 

Нұралы Бөкейханов, QAZTRADE АҚ Бас директоры: 

- Бұл біріншіден, тамақ өнімдері. Қытайдың азаматтарының саны үлкен. Олардың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға өсуде. Сондықтан олардың сұранысы мына ет тағамдарына, сүт тағамдарына, одан бөлек мына ұн тағамдарына өсіп жатыр.