Қазақстан мен ЮНЕСКО өзара қарым-қатынасқа қарқын қосады

Бұған дәлел, таяуда Алматы қаласында өңірлік көпсалалы кеңсе құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе бүгін Ақордада пысықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

Бүгінде ЮНЕСКО-ға 193 ел мүше. Өз кезегінде Қазақстанның бұл ұйымға кіргеніне былтыр 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде еліміздің 5 мәдени және табиғи мұрасы ЮНЕСКО-ның тізіміне енді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы тастағы жазу, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері және Ұлы Жібек жолының Қазақстан жерімен өтетін тармағы. Міне осылар әлемдік мұралардың материалдық тізіміне енді. Бұлардың қатары тағы толықты. «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтары биосфералық резерваттардың жаһандық желісіне қосылса, «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бүгін Ақордада Одрэ Азуле Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиісті сертификаттарды табыстады.

ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет мәселесімен айналысатын құрылымы. 1945 жылдың қарашасында құрылды. Одрэ Азуле – осы ұйымның 11-ші бас директоры. Бұл қызметке 2017 жылдың қарашасында келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азуле ханымның ЮНЕСКО-ның бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін  аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Одрэ Азуле, ЮНЕСКО-ның бас директоры:

- Менің Қазақстанға жасаған сапарым Сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс.

Бұл – ЮНЕСКО бас директорының Қазақстанға алғаш келуі. Мейманнан әсерін сұрадық. Одрэ Азуле елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларға жоғары бағасын берді.

Одрэ Азуле, ЮНЕСКО-ның бас директоры:

- Мен Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Кеше Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардым. Ол жөнінде Президентпен кездесуімде айттым. Біз елдеріңізбен 30 жылдан артық тығыз-қарым қатынастамыз. Мұны мәдениет саласындағы зор ынтымақтастық деуге болады. Яғни, Қазақстанның өте керемет әрі саналуан мәдени мұрасын сақтау жолында бірге жұмыс істейміз.

Бірге жұмыс істеу үшін жақында Алматы қаласында ЮНЕСКО бюросының өңірлік көпсалалы кеңсесі құрылады. Біздің тарап климат, биоалуантүрлілік және су ресурстарында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті. Әрі Қазақстан мен ЮНЕСКО мәдени және тарихи мұраларды сақтап, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланысты да нығайта түсуге бейілді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев.