Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында бірқатар мәселе қаралды

Сауда-саттықтағы кедергілерді жою, темір жолмен жүк тасымалдауды цифрландыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, теңіздегі өткізу бекеттеріне электрондық құжат айналымын енгізу. 

Сочиде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында осы мәселелер талқыланды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Еуразиялық экономикалық Одақ тек экономикалық бағытта дамуы тиіс деді. 

Дана Нұржан, тілші:

- Бүгінгі жиында Еуразиялық экономикалық одақтың даму бағыттары талқыланды. Ұйым әрі қарай қандай форматта өзгермек деген сұрақ Сочидегі кездесуде  қозғалды. Әрине Қазақстанның ұстанымы белгілі. Ол тек экономикалық бағытта байланыс орнату.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Өнеркәсіп кооперациясы біз үшін шешуші рөл атқарады. Алайда жобаларды таңдау және дамыту кезінде ортақ мүдделерді, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің әлеуетін міндетті түрде ескеру қажет. Әлемдегі қазіргі ахуалды назарға ала отырып, Қазақстан «ЕАЭО кооперациясын дамыту орталығы» болуға дайын. Бұл бастаманы ҚР Президенті Жоғары кеңестің өткен отырысында ұсынған болатын.

Сонымен қатар премьер-министр әлемде цифрландыру үрдісі дамудың қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты қатысушы елдердің міндеті ЕАЭО-ны шын мәнінде цифрлық өңірге айналдырып, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көшу.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Цифрлық жоспарлар біздің елдеріміздің азаматтарына мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бізге цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін технологиялар мен инвестицияларды тарту бойынша бірлесіп жұмыс істеу керек деп санаймыз.

Жыл басынан бері ЕАЭО елдерінің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіп өнімін шығару көлемі бірінші тоқсанда 1,4%-ға ұлғайған. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,8%-ға артты, ал Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өсті.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров