Астананың бауырлас қалалары форумы. LIVE

Елордада бас қаламыздың 25 жылдығына орай Астананың бауырлас қалалары форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерейтойлық жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұл – осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған форум. Бірақ пандемиядан кейін енді өтіп тұр. Астананың 25 жылдығына орайластырылған мерейтойлық жиынға әлемнің 13 мемлекетінен 17 муниципалитет басшылары келіп отыр.

Астанамыз қазір әлемге әйгілі. Бас қаламыз аз уақытта дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы бар заманауи мегаполиске айналды.

25 жылдың ішінде қаланың жалпы өнімі 22 миллиард долларға, ал өнеркәсіп 4,3 миллиард долларға жетті.

Соңғы жылдары Астана 14 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты.

Ширек ғасыр ішінде 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, 100-ден астам мәдени және спорт нысаны салынды.

Ал бүгінде Астана таланттарды, жастарды, туристерді, инвесторлар мен компанияларды тартатын аймақтық хабқа айналды.