Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық әріптестігіне 5 жыл толды

Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды АҚШ тарапы жақсы бағалап отыр.

Бұл туралы Вашингтонға жұмыс сапарымен барған Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров мәлімдеді. Құрамында Конституциялық Сот өкілдері, Парламенттің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттің басшылығы бар делегация 2 күннің ішінде Ақ үй, АҚШ мемлекеттік департамені және Конгресс мүшелерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Вашингтондағы қоғамдық-саяси топтардың және сараптамалық орталықтардың өкілдерімен жүздесіп Қазақстандағы өзгерістермен таныстырды. Әсіресе адам құқын сақтау, заң үстемдігі, сыбайлас жемқорлықпен күрес және басқа да реформалар туралы хабардар етті. Бұл үдерістердің барлығын АҚШ-тың ресми және бейресми тұлғалары жақсы бағалап отыр. Биыл – Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы кеңейтілген серіктестіктің 5 жылдығы. Еліміз – азулы АҚШ-пен стратегиялық серіктес мәртебесіне ие аймақтағы жалғыз мемлекет.

Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

- Жалпы алғанда, сапарымыз өте жақсы және нәтижелі өтті. Біз америкалық  әріптестеріміздің саяси өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар сауда-инвестициялық саланы да дамытуға басымдық бергісі келетінін көріп отырмыз. Олар Қазақстандағы демократияландыру процестерінің одан әрі тереңдеуіне мүдделі. Осыған байланысты біз өзара ынтымақтастық пен диалогты дамытып жатырмыз. Әлбетте, әр салада оны кеңейтуге ниеттіміз.