Қазақстан-Вьетнам арақатынасы нығайып келеді

Мемлекет басшысы ел астанасы Ханойда Вьетнам басшылығымен келіссөз жүргізіп, екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы ынтымақтастығын дамыту жайын талқылайды.

Ал бұл кездесуге вьетнамдықтардың дайындығы қалай? 

 

Дамир Берікұлы, тілші:
- Вьетнамда жаңбырлы күндер басталды. Бірақ бұл туристердің келуіне кедергі емес секілді. Мәселен, жыл басынан бері бұл елді тамашалауға шет елдерден 6 млн адам келген. Олардың арасында қазақстандықтар да бар.

Биыл біздің 26 мың отандасымыз Вьетнамға арнайы қыдырып келген. Бұл көрсеткіш енді жылдан жылға көбейе бермек. Себебі екі елдің арасындағы байланыс уақыт өткен сайын нығайып келеді. Әсіресе сауда-экономикалық қатынастар бізді жақындастыра түсті. Айталық соңғы 10 жылда алыс-беріс жиілеген.

Ерлан Байжанов, Қазақстанның Вьетнамдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Сауда жақсы өсті. 3 есе өсті. Бұл енді 500 млн долларға жақындап, 5-6 жыл осы отметкада тұр. Биылғы 5 айда сауда былтырғы кезеңмен салыстырғанда тағы да өсті. Бұл - керемет тенденция.

Қазақ басшысының сапарына мұнда бірнеше күннен бері дайындық қызу. Орталық көшелерге Қазақстанның туы ілініп, Президент баратын нысандардың маңайы жиі-жиі тазаланып жатыр. Ең бастысы, Вьетнамда екінің бірі Қазақстан жайлы біледі.

Президенттің Вьетнамға келуі арадағы осындай сыйластыққа толы қатынасты одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Алдағы 2 күнге созылатын сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси кездесулерден бөлек бірнеше өнеркәсіп нысанын аралап, Вьетнамның жетекші бизнес өкілдерімен жүздеседі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов