Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ханойға жасаған ресми сапары барысында осындай келісімге қол қойылды.

Мемлекет басшысының сапары тағы қандай маңызды мәселелермен айшықталды.

Дамир Берікұлы, тілші:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Вьетнамға алғашқы сапары. Міне дәл қазір қазақ басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп жатыр. Маңызды шараға Вьетнам тарапының тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаевты жүздеген сарбаз сап түзеп, қолдарына қос елдің туын ұстаған балалар қарсы алды. Ал Вьетнам президенті Во Ван Тхыонг әріптесі келер уақыттан 5-6 минут бұрын сыртқа шығып күтіп тұрды. Бұл қазақ еліне, біздің Президентке деген зор құрметті білдірсе керек.

Екі елдің әнұраны орындалып, делегация қол алысып болған соң Президент Вьетнам басшысының резиденциясына төрлетті. Екіжақты кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев,қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, бұл сапардың маңызы зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма аса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайды. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға жіті мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін, оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз.

Президенттер келіссөз барысында сан саладағы серіктестікті дамыту жайын талқылады. Өз кезегінде Во Ван Тхыонг Қазақстан мен Вьетнамның арақатынасын одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Во Ван Тхыонг, Вьетнам Социалистік Республикасының президенті:
- Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақ халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. 

Арадағы тамыры терең қарым-қатынасты одан әрі бекіте түсу үшін тараптар бірқатар келісімге қол қойды. Олардың ішінде екі ел азаматтарының өзара визасыз режимі жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Бұл экономикадан бастап, туризмге дейін тиімді. Қазір Қазақстаннан Вьетнамға тікелей 4 рейс ұшатын болса, енді олардың да қатары жиілейді.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Шынын айтқанда қазір Алматы мен Астана қалаларында авиамаршрут мәселесі шешілді. Қазір енді осы бағытта ішкі және сыртқы туризмді дамыту мақсатында, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында осы рейстер санын кем дегенде 7-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Және мәдениет аралық қатынасты нығайту үшін домбыра, жетіген, қобызымызды алып келдік.

Экономика мен туризмнен бөлек Қазақстан мен Вьетнам сауда-саттық, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика, технология, байланыс және ақпарат салаларын бірге дамытуға уағдаласты. Олардың арасында «Хабар» Агенттігі»  мен Vietnam Televesion компаниясының өзара түсіністік туралы меморандумы да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесуде Вьетнам президенті Во Ван Тхыонг вьетнамдардың ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайтынын айтып, алғыс білдірді. Осы тұста айта кету керек, Мемлекет басшысы Вьетнамға ресми сапарын да сол тарихта талай тағдыр тауқыметін тартып, азаттық үшін арпалысқан батырларға құрмет ретінде «Ұлт қаһармандары» монументіне гүл шоғын қоюдан бастаған болатын.

Жалпы екі ел арасындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Әсіресе алыс-беріс көп. Қазақстаннан Вьетнамға түсті және қара метал мен концентраттар жөнелтілсе, ол жақтан бізге тұрмыстық және кеңсе техникалары келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асса, биылғы алты айдың өзінде 600 миллион долларға жеткен. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазақстан қазір Вьетнамнан келетін тауарларға реэкспорт хаб бола алады. Ол да пайда біздерге. Жақсы сауда жасау, Вьетнамнан қазір біраз электроника келеді. Соны қазір біз Қазақстан арқылы еуразиялық-эконимикалық елдеріне сатып жүрміз.

Арадағы алыс-берістің артуына тікелей сеп болып жүрген вьетнамдық ірі бизнес өкілдерімен Президент арнайы кездесті. Себебі олардың әрқайсысы Қазақстанға қыруар инвестиция құйып отыр. Мемлекет басшысының аталған елге ресми сапары ертең де жалғасады. Сейсенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ханойдың озық технологиялы өндіріс ошақтарын аралайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов