Әлихан Смайылов Президент Жолдауының қалай іске асып жатқанын айтты

Әлихан Смайылов Президент Жолдауының қалай іске асып жатқанын айтты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.

Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Мемлекет басшысының жолдауларын іске асыру шеңберінде әлеуметтік салада жүйелі шаралар қабылданды. Жаңа Әлеуметтік кодекс еңгізілді. Ол азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді. Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан астам ана алады – деді Үкімет басшысы.

1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4-ші сыныптағы балалары тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, биыл әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді. Осылайша, мемлекет осы санаттағы балалардың мектепке дейінгі білім беру шығыстарын өз мойнына алды – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ке артты.

2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысын саралап арттыру жүргізілді. Бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстар 3 трлн теңгеден асады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бектілді. Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 млрд теңгеден астам қосымша соманы құрайды – деді Әлихан Смайылов.

Биыл азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығы берілді.

Салымшылар зейнетақы жинақтары сомасының 50%-ін өздері таңдаған жеке басқарушы компанияларға бере алады. Бұдан басқа, 1 миллионнан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдаланды. Биыл басынан бастап Үкімет Отбасының цифрлық картасын енгізді. 500 мыңнан астам қазақстандыққа  проактивті әлеуметтік қолдау көрсетілді – деді ол.