«Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады

«Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс. Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды. Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды – деді Мемлекет басшысы.

Ол бұл мәселені реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет екенін айтты.

Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет – деді ол.

Ол ел дамуында тағы бір маңызды мәселе бар екенін айтты.

Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек – деді ол.

Келесі маңызды мәселе – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту. Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда.

Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс – деді ол.