Еңбек адамдары Парламент қабырғасында Жолдауды тыңдады

Денсаулыққа зиян келтіретін жерлерде еңбек еткен жұмысшыларға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді.

Бүгін Президент Жолдауда жүктеген міндеттің бірі – осы. Бұл ретте Парламент Үкіметтің ұсыныстарын жедел қараса деген тілегін айтты. Президент еңбек адамдарының елене бермейтін адал еңбегін ескергеннен болар, биылғы жолдаудың мазмұны әдеттегіден өзгеше болды. Құтқарушылар мен мұғалімдер және қарапайым агрономдар шенеуніктермен қаз-қатар отырып, Жолдауды тыңдады.

Әдетте Президент Жолдауын жария ететін жиынға кілең министрлер мен әкімдер, өзге де мемлекеттік органның басшылары тайлы тұяғы қалмай келетін. Бірақ биылғы жиын ерекше. Парламент палаталарының бірлескен отырысына алғаш рет еңбек адамдары қатысты.

- Бұндай жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Әрине, толқу бар.

- Бірінші рет қатысып отырмын.

Полковник Эльдор Райымбеков әдетте осындай алқалы жиын кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін. Бірақ биыл ол мәртебелі қонақтардың қатарында. 

Эльдор Райымбеков, ҚР ТЖМ Дағдарыс жағдайларда басқару орталығының бастығы:

- Естігенде қатты қуандым. Бұндай шараға мен елорда департаментінде жұмыс істеп жатқан кезде осындай нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінмін. Қазіргі кезде бірінші рет өзім заң қабылдайтын ғимараттың ішінде болып отырмын. Маған бұл – үлкен мәртебе.

Қарапайым еңбек адамдары бүгін Парламент қабырғасына жайдан-жай шақыртылған жоқ. Олар тынымсыз еңбек етіп ел дамуына үлес қосып жүр. Президент елдің ертеңін айқындайтын маңызды құжатта осы жандардың сүбелі еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Орайы келгенде, соңғы кезде жиілеп кеткен өндірістік жарақаттардың мәселесін шешуді тапсырды. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауы тиіс.

Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек. Тағы Президент денсаулыққа зиян тигізетін жұмыс орындарында еңбек ететіндерге әлеуметтік төлем жасауды да жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр.

Президенттің сөзінше, Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әсіресе техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Мұндай мамандарды колледждер даярлайды. Дегенмен Президенттің үндеуінен мектеп мұғалімдері де ой түйдік дейді.

Евгения Салахадинова, қалалық №46 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Президенттің бұл үндеуінен біз алда атқару керек міндеттер жөнінде ой түйдік. Оқушыларға білім беру тәсілдерін де қайта қарастыратын шығармыз. Осы күнге дейін біздің жалақымыз 2 есе өсті. Мәртебеміз де жоғарылады. Енді ел экономикасын көтеруде біз де шетте қалмауымыз керек деп есептеймін.

Жалпы еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі тиіс. Президент бүгін осындай міндет жүктеді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатындығын атап өтті. Соңғы кезде әлемде жаһандық жылыну процесі жүріп жатқандығын ескерсек, бұл елге аса қажетті ведомство болмақ. Су мәселесімен дербес мекеменің айналысуы дұрыс шешім, - дейді сала мамандары.

Ардақ Хасенов, «Астана орманы» серіктестігінің бас агрономы:

- Орман ағаштары жақсы өмір сүруі үшін топырақта ылғалдың проценті 70% дейін болуы керек. Егер 70%-тен жоғары болса, онда шіру процесі басталады. Ал енді 35%-тен төмендеп кетсе, онда кеуіп кету қаупі нүктесінен өтеді. Сәуір мен шілде айларында өте қуаңшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Топырақтың ылғалдылығы кейбір жерде 12%-ке дейін төмендеп кетті. Сондықтан да бұл министрліктің алдағы қойылған тапсырмалары мен атқаратын істері өте зор деп есептеймін.

Риат Шони, тілші:

- Жалпы әлемдегі қазіргі ахуал өте күрделі . Ол айтпаса да түсінікті. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеріп жатыр. Сондай-ақ инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізбей қоймайды, - дейді Президент. Дегенмен біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Ал даму жолымыз даңғыл болу үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Қазіргідей қиын сәтте халқымыз біртұтас болуы керек. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары атты Жолдауының мәні де осында.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Ербол Дайыров. ПТРК.