Мемлекет басшысы бірқатар ауыс-түйіс жасады

Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар ауыс-түйіс жасады. Содан кейін Премьер-министр жаңадан тағайындалған министрлерді ұжымына таныстырып, алдағы міндеттерін айқындап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шен тағып, шекпен жамылғандардың арасында кімдер бар? Жаңа ведомствалардың ендігі міндеті қандай?

 

Президент бірқатар тағайындау жасады

Үкімет құрамы біршама өзгерді. Кеше 5 министрлік құрылған еді. Енді бүгін соның бірқатарына жаңа басшы келді.

Атап айтсақ, Марат Қарабаев жаңадан құрылған Көлік министрі болып тағайындалды. Мәдениет және ақпарат ведомствасын Аида Балаева басқарады. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Ал Сауда және интеграция министрілігіне енді бұрынғы вице-министр Арман Шаққалиев жетекшілік етеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында да жаңа басшы. Бұл лауызымды Светлана Жақыпова атқарады. Туризм және спорт тізгіні болса енді Ермек Маржықбаевтың қолында. Ол бұған дейін Ақмола облысының әкімі лауазымында болған. Сондай-ақ Ішкі істер министрі лауазымына Марат Ахметжановтың орнына Ержан Сәденов келді. Бұған дейін ол министрдің орынбасары қызметін атқарған. Президент жарлығымен Серік Жұманғарин және Тамара Дүйсенова Премьер-министрдің орынбасары болды. Олар бұрынғы қызметінен босатылды. Ал Ернар Баспаев Президент кеңесшісі, Әсет Ерғалиев Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

 

Президент ІІМ басшылық құрамымен кеңес өткізді

Жаңадан тағайындалған Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен Президент кеңес өткізді. Жиында Ержан Сәденовті таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев су жаңа министр ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткенін аудандық жедел уәкіл қызметінен министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілгеннін атап өтті. Сондай-ақ кешегі Жолдауда берілген тапсырмалардың іске асуы дәл осы құқықтық тәртіптің деңгейіне байланысты екеніне тоқталды. Бұл ретте полиция маңызды рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сервистік полицияны дамыту ісін жалғастыру керек. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесі де айтарлықтай өзгерістерді қажет етеді. Биыл 30 маусымда ІІМ кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларымның іске асырылуын қамтамасыз ету керек. Жүктелген міндеттер өте маңызды. Сондықтан оларды табысты орындау үшін барлық жеке құрам және, ең алдымен, министрлік басшылығы жұдырықтай жұмылуы қажет.

 

Жаңа министрлер таныстырылды

Кеңестің ізін ала Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бүгін тағайындалған министрлерді жаңа ұжымдарына таныстырды. Алдағы міндеттерін айқындап берді. Алдымен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен оның ұжымына Президент креативті индустрияны дамыту бойынша бірқатар міндет қойғанын атап өтті. Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті таныстыру кезінде ішкі сауданы дамыту, тауар мен қызмет экспортын ілгерілету үшін, маңызды міндеттер жүктеді. Көлік министрлігіне жетекші Марат Қарабаевты ұжымымен таныстырып, саланы дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствасын тізгіндеген Светлана Жақыпова болса жұмысқа орналастыру, еңбек даулары, зейнетақы, жәрдемақы тағайындау мәселесін тиімді шешу керек. Ал Туризм және спорт ведомствасының басшысы Ермек Маржықпаев, жаңа ұжыммен бірге жүктелген міндеттерді уақтылы іске асыруы тиіс. Бұл тапсырмаларды Әлихан Смайылов Үкімет отырысында да мықтап айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны әртараптандыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап берді. Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Осылайша, Үкімет экономиканың басым секторларын дамытуға ден қою қажет.

 

Жолдауды іске асыру жоспары  

Енді министрлер кабинетін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Олар өз саласын серпілту үшін біраз өзгеріс жасауы тиіс. Әсіресе жаңа министрліктерге артылған жүк ауыр. Мәселен, Туризм және спорт министрлігі туристік салада кемінде 15 ірі жобаның тізбесін айқындап, жол картасын әзірлеу керек.

Ал жаңадан құрылған Көлік министрлігінен теміржолдағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуі талап етіледі. Оған қоса ведомство 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолын күрделі жөндеуі керек. Одан бөлек, су саласына кешенді реформа жүргізіледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Негізгі міндеттердің бірі су саласына кешенді реформа жүргізу болмақ. Ол үшін жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Министрлік жұмысының негізгі басымдықтары су үнемдеудің озық технологияларын кеңінен пайдалану, трансшекаралық өзендердің ресурстарын бірлесіп басқару бойынша өзара іс-қимыл жасау, жаңа тарифтік саясат пен нормативтерді енгізу, заманауи су шаруашылығы инфрақұрылымын салу болады.

Жиын соңында Үкімет басшысы министрлердің әрқайсысына зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Мемлекетті одан әрі дамыту үшін олар жұмысты жүйелеуі тиіс. 

Авторы: Бекзат Аманов.