Шетелдік сарапшылар: Қазақстан Президентінің Жолдауы өзекті

Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай мемлекеттердің экономикалық саясатын қайта қарауды қажет етеді.

Осы тұрғыда Қазақстан Президентінің кешегі Жолдауы өзекті. Түркиядағы «Сахипкиран» стратегиялық зерттеу орталығының директоры Месут Эмре Каракөсе осылай дейді. Сарапшының айтуынша, «Еуразияның маңызды транзиттік державасы болу» идеясы өзекті. Себебі Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан мемлекет. Тасжолдан бөлек, Каспий теңізі арқылы да жүк тасымалдауға мүмкіндіктер жасалып жатыр.  

Месут Эмре Каракөсе, Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

- Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси-құқықтық реформамен жүйе жаңарып жатыр. Азаматтардың ел болашағына деген үміті күшейіп, дамып келеді. Қуатты Президенттік билік, тиімді Парламент және есеп беретін Үкімет моделі жасалды. Жаңадан жасақталған 5 министрлік – соның бір көрсеткіші. Осы орайда атом электр стансасын салу үшін референдум өтетіні туралы хабарлау – жаңа әкімшіліктің парадигмасына қатысты маңызды белгі. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші Қазақстан өз халқымен санасып, қандай қадам жасалатынын сұрап отыр. Баяндамада экономикада қысқа мерзімде нәтиже беретін шұғыл бастамалардың бары байқалады. Еуразияны геосаяси тұрғыдан біріктіретін жобаларға баса назар аударылмақ. Дамып келе жатқан және нығайып келе жатқан ел ретінде Қазақстанның бірнеше жылдың ішінде экономикалық қуатын еселеуі ғажап емес.