Отандық мұнай брендінің өндірісі басталды

Ақорда

«ҚазМұнайГаз» компаниясы егін жинау науқанына 426 мың тонна дизель отынын бөлді.

Бұл жөнінде бүгін Президент қабылдауында болған ұлттық компания басшысы Мағзұм Мырзағалиев айтты. Кездесуде Мемлекет басшысына биылғы 8 айда мұнай және газ конденсатын өндіру, мұнай тасымалдау және қайта өңдеу көрсеткіштері бойынша мәлімет берілді.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнайдың отандық бренді KEBCO өндірісін бастады. Қазіргі таңда оның экспорт көлемі тұрақты түрде артып келеді. Бұл ретте KEBCO мұнайының бағасы биылғы тамыз айында Brent маркасының бағасынан асып түскенін де айта кету керек.

Кездесу соңында Президент инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.