Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Бүгін «Ақорда» резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Осы күннен бастап Литва, Чехия, Үндістан, Гана, Уганды сынды елдердің дипломаттары Қазақстандағы жұмысына кірісті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы дипломаттарға еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына негізделген әділетті әлем орнату тәртібін жақтайтынын айтты. Сондай-ақ, Қазақстанның экономикалық даму тұрғысынан келешегі зор екенін, елімізді әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналдыру үшін барлық мүмкіндікті жасайтынын атап өтті. Президент салтанатты рәсім соңында елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.

Эгидиюс Навикас, Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі:

- Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қазір жоғары деңгейде. Әсіресе, бизнес саласында. Экономика, сауда және логистика бағыттарында да бірлескен кооперация бар.

Николаас Якоб Схермерс, Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісі:

- Нидерланды Қазақстанға инвестиция құю бойынша көшбасшы елдердің бірі. Әріптестікті ары қарай да дамытқымыз келеді. Мұнай-газ, ауыл шаруашылығы бағыттарында жақсы жобаларымыз бар. Ынтымақтастығымыз нығая берсін.