Жетісу облысында аудан әкімдерінің сайлауына 14 кандидат ұсынылды

Жетісу облысы бойынша алдағы аудан әкімдерінің сайлауына 14 үміткер ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 9-ы Кербұлақ, ал 5-еуі Сарқан ауданы бойынша сайлауға түсуге ниет білдірді. Кандидаттардың 71,4%-ін елдегі 6 саяси партия ұсынған. Қалғаны өзін өзі ұсыну тәртібімен түседі.

«AMANAT», «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы» және Respublica партиялары 2 кандидаттан, ал «Ауыл» мен «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы алдағы саяси додаға бір үміткерден қосып отыр. Олардың ең жасы 36, үлкені 57-де. Сайлауға түскісі келетіндердің басым бөлігі – ер азаматтар. Арасында бір әйел үміткер бар. Әзірге 13 кандидаттың сәйкестігі анықталып, екеуі тіркеуден өтті. Бір үміткердің құжаты әлі қаралып жатыр.

Тимур Дәуітов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- 10 кандидат – мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері. Екеуі – коммерциялық құрылымдардың өкілдері. 2 кандидат жұмыс істемейді уақытша. 10 қазанда кандидаттарды тіркеу аяқталады және олар үгіт жұмыстарына кіріседі. Жалпы бізде сайлауға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.