Қостанайда 36 адам мемлекеттік наградамен марапатталды

Экономика, өнер, білім, қоғамдық жұмыста зор жетістікке жеткен азаматтарға мерекелік жиында осылайша құрмет көрсетілді.

Олардың басым бөлігі «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

Жиырма жыл бұрын тарихи отанына оралған Гүлназ Елмұратова медицина қызметкері. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта жұмыс істейді. Талай адам жанына араша түскен абзал жан Құрмет орденімен марапатталды. 

Гүлнәз Елмұратова, "Құрмет" орденінің иегері:

- Қандас болып келдік, өте жақсы қарсы алды. Өте ризамын тарихи отаныма келгеніме, өз отаныма келгеніме. Барлық жағдайымызды жасады.   

Салтанатты жиында марапатқа ие болғандардың бірі - корей этномәдени орталығының төрағасы Ульяна Ким. Бұл орталық өкілдері қашанда қайырымдылық іс шаралардың басы-қасында жүреді.  

Ульяна Ким, корей этномәдени орталығының төрағасы:

- Біздің елде этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Міне осындай арамыздағы сыйластық, татулық ортақ мақсат, ортақ мүдде  төңірегінде топтастасуға мүмкіндік береді. 

Өз сөзінде облыс әкімі экономикалық-әлеуметтік саладағы жетістіктерді баяндай келе, жүргізліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын атап өтті.    

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Әкімдерді сайлау институты дамып келеді. Қазіргі кезде ауыл әкімдерін сайлау қарқынды қолға алынып,алдағы уақытта облысымыздың 5 өңірінде ел тарихында тұңғыш рет қала мен аудан әкімдерін сайлауы өтетін болады. Сонымен қатар ұлттық қоғамдық кеңесі құрылып, елде халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы бекітілді. 

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг