Мемлекет басшысы Венгрия Премьер-министрімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар.

Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Елімізге ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бірлескен күш-жігердің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Президент бүгінгі келіссөздер екі жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенімін білдірді. Геосаяси шиеленістерге қарамастан былтыр екі жақты тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Тараптар бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік барын атап өтті. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес осы бағытта белсенді роль атқаруы тиіс.