Түбі бір түркілердің басын қосқан алқалы жиын аяқталды

Ақорда

Түбі бір түркілердің басын қосқан 10-шы алқалы жиын аяқталды. Шарада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің президенттері өзекті деген бірқатар бастамалар көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында жаһандық саяси мәселелер де қаралды. Мәселен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатқандығына назар аударды. Сондай-ақ мемлекет басшысы қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын еместігіне тоқталды. Осы кеңес әлемнің барлық аймағын қамтитын мемлекеттермен толығуға тиіс екенін айтты. Әсіресе жаһандық Оңтүстік елдері тыс қалмауы керек, – деді Президент.

Жалпы ұйымға төрағалықты алған Қазақстан тарапы 8 мәселеге басымдық беріп, оларды ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі 10 жылды қамтитын қысқа және орта мерзімде орындауды ұсынды. Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті түркі мемлекеттері достастығын нығайтуда қосқан үлесі үшін Түркі әлемінің Жоғары орденімен марапаттады.