А. Сарым: Жүргізілген реформалар оң нәтиже берді

Қазақстан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті түрде іске асырып келеді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осылай дейді. Депутат қоғамдағы мәселелерді ескере отырып, елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар қабылданып жатқанын айтты. Оның пікірінше, Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы өзгерістердің барлығы елдің саяси жүйесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде теңгерімді саяси жүйеге қол жеткізілді.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президенттің сайлауалды бағдарламасы Әділетті Қазақстанға арналған болатын және сол Әділетті Қазақстанға қатысты саяси реформаларды қамтамасыз ету керек болатын. Міне, сол 1 жылдың ішінде елімізде 3 науқан өтті, саяси науқан. Өзіміздегі бүкіл өкілетті биліктің тармағын жаңартып шықтық. Қараңызшы, Сенаттың жарты құрамын сайлап үлгердік. Мәслихат пен Мәжілісті сайлап үлгердік және жаңа жүйемен сайлап үлгердік. Өткен жылы басталған ауыл әкімдерінің сайлауы биыл 42 аудан мен 3 қаланың әкімін эксперименталды сайлауға алып келді. Бұл, шынын айту керек, біз – Орталық Азияда осындай қадамға барып жатқан тұңғыш мемлекетпіз.