Қазақстан мен Тогоның дипломатиялық байланысына 10 жыл болады

Қазақстан мен Тогоның дипломатиялық байланысына 10 жыл болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Того Республикасының президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Қазақстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 10 жыл болады. Тараптар БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық бірлестік аясында өзара әрекет етеді.

Того – Африканың батысындағы мемлекет. Гвинея шығанағының жағасында орналасқан. Ресми тілі – француз тілі. Халық саны 8,5 миллионнан асады. Президент 5 жылдық мерзімге сайланады. Билік белсенді сыртқы саясат жүргізіп жатыр. Әсіресе Батыс Африка мен Африка Одағының аймақтық істерінде беделі жоғары. Африка, Кәріб бассейні және Тынық мұхиты елдері атты халықаралық ұйым құрамына кіреді. Кейінгі жылдары бұл бірлестік Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында маңызды шаралар өткізіп, оған Еуроодақ елдері тарапынан қызығушылық танытып жатқандар көбейді. Тропикалық Африка бойынша әскері ең жақсы жабдықталған саналады. Қарулы күштері қатарында 9 мың адам қызмет етеді.

Того – пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Мұнда алюминий, бокситтер, графит, темір, алтын, мәрмәр, фосфаттар, тұз, уран мен хром кен орындары орналасқан. Ауыл шаруашалығы – ел экономикасының негізгі саласының бірі. Жалпы ішкі өнімнің шамамен жартысы осы секторға тиесілі. Мақта, кофе мен какаоны сыртқа шығарады. Оларды негізінен Африка елдеріне, Үндістан мен Еуропаға экспорттайды. Жалпы ішкі өнімінің 25%-і өнеркәсіп есебінен қамтамасыз етіледі.

Тауар айналымының 80%-і ел астанасы Ломе кемежайы арқылы өтеді. Теңізге шықпайтын көрші мемлекеттер үшін ол бас транзиттік бекет саналады. 

Того астанасы – туристер үшін танымал бағыттың бірі. Мұндағы Гранд-Марш базары Батыс Африканың ең басты сауда орны саналады. Саясхатшылар үшін бұдан да бөлек қызық жерлер жетерлік. Мұнда ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне кіретін нысандар орналасқан. Сарқырамалар мен ұлттық саябақтар көп. Ал аумағының 10%-ін саванналар алып жатыр.