«Масс медиа туралы» заң Мәжілісте мақұлданды

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заң жобасы 5 ай бойы Парламент қарауында болды.

Осы уақыт аралығында жұмыс тобының 100-ден аса мүшесі 20-дан астам отырыс өткізді. Әзірлеу барысында 200-ден аса толықтыру енгізілді. Заң жобасы алғаш рет Мәжілістің жалпы отырысында талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң. 24 жыл бұрын қабылданған бұл құжат енді «Масс медиа туралы» заң деп аталады. Заман өзгеріп, қоғам толассыз дамыған шақта медиа салаға жаңа нормалар қажеттігі айдан анық. Сала басшысы Аида Балаева қолданыстағы заң бүгінгі ақпараттық саланың даму жылдамдығына ілесе алмай отыр деді. Жаңашылдықтардың алды – жарияланған материалдың ескіру мерзіміне қатысты. Енді бұл 3 жыл уақытпен шектеледі. Екіншіден, журналистің сауалына билік өкілдері жауапты бұрынғыдан қысқа мерзімде беруге міндетті. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-еуге қысқартылды. Ең бастысы - заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады. 

Бүгінде елде ресми тіркелген 5459 бұқаралық ақпарат құралының 90%-ы жекеменшік. Аида Балаева қазақ тілді контенттің үлесін 60%-ға дейін арттыру мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді. 

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстанда қазақ тілді қауым мемлекеттік тілде сөйлей алатын қауым ресми ститистика бойынша 80-де бірдене %. жекеменшік бақ демекші қазір қоғамның наразылығын тудырған бағдарламалар көп. мына заңның аясында тетік барма осыларды мониторинг жасап тоқтата алатын? 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Біз мемлекеттік орган ретінде ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. ал енді ондай бағдарламалар БАҚ өздерінің табысынан түскен қаржыға жасап отыр. Деседе ол мәселе біздің қоғамымыздың болашағына септігін тигізетін болғаннан кейін мен осы мәселен екінші оқылымға дейін қарауға дайынмын. 

Ақпарат құралдарын қаржыландыру жүйесі өзгереді. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс гранттық жүйе арқылы іске асады. Әзірлеуші топ бұл - бірінші кезекте жобалардың шығармашылық деңгейін дамытуға бағытталады, - деп түсіндірді. Ал мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін жыл сайын бюджеттен 60 млрд тг астам қаржы бөлінеді. 

Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұның ішінде мемлекеттік телеарналар бар, газет-журналдар, түрлі сайттар бар. мемлекеттік тапсырыс жаңа айтқан гранттарды нақты тақырыптық бағыттарға беру керектігін үнемі айтып келе жатырмын. Ақпарат құралдары үшін мемлекеттік тапсырыс цензура құралы, сөз бостандығын шектеу немесе мақтау сипатына айналмауы керек. 

Депутаттар мемлекетті бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мақсаты – біртұтас құндылықты қалыптастыру. Яғни ешкімді алаламайтын, ешкімді бөлмейтін қоғам құру екенін атап өтті. 

Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еліміздің тарихында бірінші рет, журналистердің жай-күйі, олардың құқықтары мен ар-ождан бостандықтарының сақталуы бойынша Мемлекет басшысына арнайы – Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл заңмен шегеленді. Осы орайда, баяндаманың ашықтығы мен шынайылығын қоғаммен бірге қамтамасыз етуміз керек. 

Қорыта айтқанда, «Масс медиа туралы» заң саладағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Депутаттар екінші оқылымға дейін мына мәселелерді қарастыруды ұсынды: Ол ақпарат жаршысы, қалам ұстаған қауымның кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау, құқығын қорғау тетігін күшейту. Журналистің өмірін сақтандыру да заңда көрініс табуы қажет.