Премьер-министр жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесті

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Канвонда өткен 4-қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесті.

Жиында спортшыларды құттықтап, Мемлекет басшысының атынан, алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ биылғы бәсекеде ұлттық құрама қоржынына, алғашқы алтын түскенін еске салды. Қазақстан әлемнің 78 елі қатысқан сайыста 20-орынды иеленген еді. Премьер-министр бұл нәтижені күллі отандастарымыз мақтан тұтатынын айтып, жаттықтырушылардың да еселі еңбегін атап өтті. Тиісінше спортшылармен бірге олардың тәлімгерлері де алғыс хатпен марапаттады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Саңлақ спортшыларымыз мемлекетіміздің мерейін арттырып, абыройын асқақтатты. Біз оларды жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Қазақстандықтар Сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Жасөспірімдер Олимпиада ойындары жай спорт емес, ең алдымен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосатын спорт алаңы. Сіздер ерен еңбектің арқасында елдің абыройын асқақтатып, рух пен жігер жетелеген жеңістің биік шыңына жеттіңіздер.