Қазақстан мен ШҰАА сауда ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

Қазақстан мен ШҰАА сауда ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы парткомының хатшысы Ма Синжуймен және ШҰАА басшысы Эркин Туниязбен кездесуде Үрімші қаласында Қазақстан-Қытай сауда ынтымақтастығын нығайту және сауда өкілдігін ашу мәселелерін талқылады.

30 жылдық тарихы бар белсенді серіктестік Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық, сауда және инвестициялық берік байланыстарды орнатты. 2023 жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 31,5 млрд долларға жетті, оның ішінде ШҰАА үлесі 64% немесе 20,3 млрд доллар тиесілі. Бүгінде Қытай Қазақстанның сыртқы саудасында жетекші орын алады, ал экспорт-импорт операциялары серпінді өсім көрсетіп отыр.

Арман Шаққалиев атап өткендей, өткен жылы мемлекет басшылары екі ел арасындағы өзара іс-қимыл мен достықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанын жариялады және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жоспарды қабылдады. Таяу жылдары Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, бизнес үшін, оның ішінде кедендік рәсімдеу және өнім сапасының стандарттарын өзара тану саласындағы жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.

Өз кезегінде Ма Синжуй бірлескен іс-қимыл жоспарының табысты іске асырылатынына сенім білдірді. Жаңа отыз жыл, ШҰАА партком хатшысының пікірінше, транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды, сауда мен туризмді қоса алғанда, барлық бағыттар бойынша Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының одан әрі дамуына серпін бермек.

Кездесуде Арман Шаққалиев экспортты ілгерілетудегі жаңа тәсілдер туралы айтты. Бүгінде Қытаймен сыртқы саудада аймақтандыру қағидаты ерекше маңызға ие.

Әр провинциядан жеке жұмыс жүргізілуде, сауданы ұлғайту және басым бағыттар бойынша жобаларға инвестициялар тарту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленуде. Қазақстандық бизнес Қытай нарығына өнім жеткізуге қызығушылық танытуда. Біз отандық тауарлардың ҚХР-ға кіру мәселелерін шешуде ШҰАА басшылығының қолдауын жоғары бағалаймыз, - деп атап өтті Қазақстанның сауда және интеграция министрі.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, отандық өндірушілер алдағы екі жылда 250 мың тоннадан астам өсімдік майы мен басқа да өнімдерді экспортқа жіберуге дайын.

Кездесуде тараптар жыл сайынғы Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық және Үрімші қаласында қазақстандық сауда өкілдігін ашу мәселелерін қозғады.

Екі ел арасындағы сауда көлемін кеңейту барысында, атап айтқанда ШҰАА-мен сауданы ұлғайту үшін Мемлекет басшысы Үрімшіде сауда өкілдігін ашуды тапсырды. Министрлікке ведомстволық бағынысты QazTrade ұйымы осы өкілдіктің қызметімен айналысатын болады. Болашақта ол біздің өндірушілер мен өнімді сатып алуға мүдделі ШҰАА компаниялары арасындағы жолсерікке айналады, - деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі.

Ол сондай-ақ QazTrade экспорттық операторы Қытай нарығындағы қазақстандық өнімнің әлеуетті импорттаушыларын іздеумен айналысатынын, ҚХР іскер топтарымен Қазақстанмен экспорттық-импорттық қатынастар мәселелері бойынша келіссөздер жүргізетінін, сондай-ақ бизнес өкілдері үшін бизнес-миссиялар өткізетінін, халықаралық көрмелер мен басқа да іс-шараларға қатысуды қамтамасыз ететінін түсіндірді. Сауда өкілдігін құру экспорттық-импорттық операцияларды жеделдетеді және екі елдің кәсіпкерлері арасында үздіксіз ынтымақтастықты жолға қоюға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Үрімжідегі сауда өкілдігінің ашылу рәсімін Арман Шаққалиев Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шілде айындағы отырысы аясында өткізуді ұсынды.
Қазақстандық бизнес жыл сайын Қытай-Еуразия көрмесіне қатысады. Өткен жылы Қазақстан Стенді ЭКСПО-ға өз тауарларын ұсынған 40 елдің ішіндегі үздіктердің бірі болды. Көрме қорытындысы бойынша отандық компаниялар 100 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасасты. Арман Шаққалиев биыл 26-30 маусымда өтетін Үрімжідегі халықаралық ЭКСПО-ға қазақстандық кәсіпкерлердің қатысатынын растады.

Сонымен қатар тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық бизнес Қытайдың мал бордақылау алаңдарын салуға, ет өңдеу жобаларын құруға, дәнді дақылдарды өңдеуге, сондай-ақ инфрақұрылым салуға инвестиция салуына қызығушылық танытып отыр.

Кездесу соңында Ма Синжуй мырза қазақстандық тарапты ағымдағы жылдың маусым айында Үрімші қаласында Қытай-Еуразия көрмесі аясында өтетін Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының III шекара маңы ынтымақтастығы форумына қатысуға шақырды.