Мұрат Нұртілеу АҚШ Сауда өкілімен кездесті

ҚР Премьер министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ астанасы Вашингтонға сапары барысында Сауда өкілі Кэтрин Таймен кездесті.

Кездесуде министр еліміздің жаңа Үкіметінің жұмысындағы басымдықтар, сауда қатынастарының қазіргі ахуалы және  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы хабардар етті.

Мұрат Нұртілеу Қазақстан Америка Құрама Штаттарының сенімді сауда серіктесі екенін айта келе Сауда өкілін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Тараптар Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялық негіздемелік келісім (TIFA) жөніндегі кеңестің алдағы отырысын Астанада өткізу туралы келісімге келді. Сондай-ақ негізгі мәселелер бойынша екіжақты және көпжақты форматтағы диалогты жалғастыруға, өңірлік жеткізу тізбегін нығайту үшін американдық серіктестердің тәжірибесін пайдалануға уағдаласты. Сонымен қатар сапар барысында Мұрат Нұртілеу америкалық Wabtec компаниясының басшылығымен кездесіп, көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, компанияның инженерлік орталығын Қазақстанда ашу және  «Болашақ» бағдарламасында оқитын студенттерге жұмыс тәжірибесін ұсыну мәселелерін талқылады.