Қ. Тоқаев Боао Азия форумының төрағасымен кездесті

Президенттің жұмыс сапары Боао Азия форумынан кейін бірқатар маңызды кездесулермен жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасы және елдегі белді ұйымдардың басшыларымен жүздесті. Серіктестік пен халықаралық алаңдағы өзекті мәселелер талқыланды.

Форумда айтылған өзекті мәселелерді талқылау Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Гу Мин арасындағы кездесуде жалғасты. БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы әрі Боао Азия форумының төрағасына Президент ризашылығын білдірді. Ал Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты. «Менің ойымша, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Сіз екі жақтың ахуалын жақсы түсінесіз. Бұл ретте тәжірибеңіз мол», - деді Корея дипломаты. Кездесу барысында Мун Астана халықаралық форумына шақырту алды.

Президент Чжао Лэцзимен кездесті

Ал бұл Бүкіл-қытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи. Әңгімелесу барысында Президент Қытай басшысы Си Цзиньпинге жылы лебізін жолдап, оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтетіндігін айтты. Сондай-ақ, қазақ-қытай ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын да жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы, Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналады. Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз. Бүгін форумда сөйлеген сөзімде екі елдің ынтымақтастығына, сауда-саттықты өркендетуге, Қазақстан экономикасында Қытай инвестициясының артып келе жатқанына байланысты нақты мысалдар келтірдім. Әрине, мұның бәрі айрықша мәнге ие. Осы орайлы сәтті пайдаланып, Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы ретінде Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруымды тағы бір мәрте растағым келеді.

Сондай-ақ, Президент Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен де кезедсті. Қазақ басшысы Бас хатшыға ілтипат білдіре отырып, оның алқалы отырысқа қатысуы ұйымның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейтінін атап өтті. Сондай-ақ екі тарап бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанына тоқталды. Өз кезегінде Матиас Корман ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.

Матиас Корман, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы:

- Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы байланыстар өте жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Болашақта бұл қатынастарды кеңейту және нығайту үшін мол әлеует бар. Қазақстан өз саясатын ұйымның стандарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағдарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз.

Қ. Тоқаев ШЫҰ Бас хатшысымен кездесті

Келесі кездесу – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен өтті. Басқосуда ұйымның жұмысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мәселелері жан-жақты пысықталды. Сондай-ақ, олардың Астанада өтетін алдағы саммитіне Қазақстан тарапы ерекше мән беретінін жеткізді. Чжан Мин де еліміз бен Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, келелі отырыстың сәтті өтетініне сенім білдірді. Ал Мемлекет басшысы саммиттің қорытынды құжаттарының мазмұны бойынша егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит барысын және оның аясында қабылданатын шешімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем бақылап отырады. Білуімше, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары аталған жиынға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйымдастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасайды.

Кездесулердің негізі мақсаты – серіктестікті арттыру. Бұл басқосулар алдағы уақытта Қазақстанның жаҺандық аренадағы орны мен рөлін нығайта түспек.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков