Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Армения тығыз байланыс орнатты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға сапары қарсаңында «Арменпресс» ақпараттық агентігіне сұхбат берді.

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Астана мен Ереван арасында достық қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Қос тарап қазір саяси ынтымақтастықты нығайтып, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнатты. Қазақстан мен Армения түрлі халықаралық ұйымдарға ұсыныс бергенде бір-біріне тұрақты қолдау танытып келеді. Бүгінде екі ел Біріккен ұлттар ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік  және  ынтымақтастық ұйымы сынды бірнеше халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз әріптестік орнатты. Өз сөзінде Президент Арменияның Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, үкіметаралық, парламентаралық байланыстар күн санап нығайып келе жатқанына тоқталды. Құқықтық базаны құруда сенімді әріптестік қарым-қатынасқа қол жеткізілгенін атап өтті. Мемлекет басшысының сапары барысында бірнеше жаңа құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Кейінгі бес жыл ішінде екі ел арасындағы сауда айналымы 3,5 есе артты. Ал, былтыр тауар айналымы 23 пайызға өсті. Қос тарап бұл көрсеткішті жақсарта түсуге мүдделі. Жақында Ереванда өткен кәсіпкерлер форумы экономикалық әлеуетті арттыруға тиіс. Осы орайда Сауда-экономикалық әріптестік жөніндегі мемлекетаралық комиссия үлкен маңызға ие. Биыл аталған институттың құрылғанына 25 жыл толады.