Биыл қазақ-армян ынтымақтастығына 25 жыл

Ширек ғасыр ішінде достас мемлекеттер экономиканың сан саласында берік байланыс орнатты.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында осылай деді. Кәнігі дипломаттың сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев құптады. Мемлекет басшысы «Арменпресс» ақпарат агентігіне сұхбатында екіжақты қарым-қатынастың қалтарысын қаузаған. Дегенмен бірге отырып, келісе шешетін мәселелер аз емес. Осы мақсатта Президент алдағы дүйсенбіде Арменияға ресми сапармен барады.

Қазақ-армян қарым-қатынасының тамыры тым тереңде жатыр. Қос ел географиялық тұрғыда қиыспағанымен, тарихында шендес тұстар көп. Әрі биыл осы ежелгі достықтың құжат жүзінде бекіп, сенімді дамып жатқанына 25 жыл. Сондықтан ел Президентінің Арменияға алдағы сапары символикалық мәнге ие. Мұны қос тарап журналистерге берген сұхбатында атап өтті.

«1999 жылы Қазақстан мен Армения қабылдаған іргелі мемлекетаралық құжат – достық пен ынтымақтастық туралы шарт – қазақ-армян көп қырлы қарым-қатынастарының сенімді іргетасын қалады. Осы жылдар ішінде біз оның ережелерін қатаң ұстандық, елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы байланыстарды жан-жақты кеңейтіп, тереңдетіп отырдық», – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

25 жылда тәй-тәй басқан сәби соқталдай жігітке айналады. Қазақ-армян ынтымақтастығының да көкжиегі кең. Экономиканың сан саласында берік, ең бастысы, нәтижелі жұмыс бар.

Айталық, бір ғана сауда-саттықтың көлемі 5 жыл ішінде 3,5 есе өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 23%-ке ұлғайды. Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев алыс-берістің қарқынын арттыруға кедергілер барын жасырмады.

«Әрине, сауда көлемі біздің әлеуетімізге сәйкес келмейді, бірақ бұған елдер арасындағы күрделі көлік логистикасымен байланысты объективті себептер бар. Дегенмен экспорт пен импорт өзара сауданы айтарлықтай кеңейту үшін мүмкіндік бар екендігін көрсетеді. Жақында Ереванда өткен Қазақстан мен Армения кәсіпкерлерінің бизнес-форумы осыны айқын көрсетті», – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Еліміз кейінгі 15 жылда көлік-логистика саласын дамытуға ден қойды. Соның арқасында Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналды. Қазақстан аумағынан 13 көліктік дәліз өтеді десек, соның бесеуі – шойын, қалғаны – автомобиль жолдары. Ал транзиттік әлеуетті арттыру үшін құйылған қаржы көлемі 10 трлн теңгеден асқан. Қазақстан үшін Транскаспий көлік бағыты қандай мақтаныш болса, Армения тарапына «Бейбітшілік қиылысы» жобасының маңызы айрықша. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.

«Біз байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге ниеттіміз. Осы жылы Арменияның Арарат және Арагацотн облыстарында Қазақстанның құрметті консулдарының қосымша кеңселерін ашу туралы шешім – біздің ниетімізді іс жүзінде растау. Астана мен Ереван, сондай-ақ басқа да қалалар арасында бауырластық байланыс орнату бойынша қолда бар жоспарлар да осыған ықпал ететініне сенімдімін», – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Статистикаға сүйенсек, қазір елде Армения капиталының үлесі бар 400-ден астам компания тіркелген. Ал ол жақта 100-ге жуық қазақстандық бизнес субъектісі ісін дөңгелетіп отыр. Қос тарап алдағы уақытта кәсіпкерлік саласында серпіліс болады деп күтеді. Себебі шетелдік инвесторларға жағдай жасауға мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр.

«Армения көпвекторлы сыртқы сауда саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Мұнда біздің ЕАЭО аясында Қазақстанмен преференциялық сауда режимі, сондай-ақ екі елдің сауда-көлік бағыттарын әртараптандыру мақсатында көлік-логистика әлеуеттерін ұштастыру мүмкіндігі ескерілген. Бұл қадамдар елімізді қазақ кәсіпкерлері үшін тартымды етеді. Осы орайда инвестицияларды ынталандыру үшін Армения мен Қазақстанның бизнес-қоғамдастық өкілдерінің арасындағы тікелей байланыстардың маңызды екеніне тағы да назар аударғым келеді», – Никол Пашинян, Армения Республикасының премьер-министрі.

Қазақстан цифрландыру ісінде көп елден көш ілгері. Әзірге Орталық Азияда бәсекелес жоқ. Армения тарапы да қазір ақпараттық технологияны дамытуды қолға алған. Енді біздің елмен тәжірибе алмасу ниеті бар.

«Екі елдің жоғары технологиялық өнеркәсібінің өкілдері арасында өзара үлкен қызығушылық бар. Осыны ескерсек, бұл бағыттағы ықпалдастықтың нақты механизмдері мен формаларын анықтау жұмыстары таяу болашақта перспективті бірлескен жобаларға ұласады деп ойлаймын», – Никол Пашинян, Армения Республикасының премьер-министрі.

Сұхбаттағы тағы бір маңызды һәм мәйекті ой Қазақстанның бітімгершілік миссиясы жайлы. Мемлекет басшысы бұл ұстанымнан айнымайтынын айтты. «Әрқашан тұрақтылық пен қауіпсіздікті жақтаймын», – деді.

«Армян-азербайжан қатынастарын реттеу төңірегіндегі ахуал туралы мәселе туындайды. Сөзсіз, Қазақстан бұл тақырыпқа немқұрайлы қарамайды. Біз достас екі мемлекет арасында тез арада бейбіт шарт жасалуына мүдделіміз. Ереван мен Баку арасында берік және ұзақмерзімді бейбітшілік орнату біздің еліміздің мүддесіне сай келеді. Бітімгершілік бастамалардың жақтаушысы ретінде Қазақстан бейбіт және тұрақты дамуға бағытталған кез келген күш-жігерді қолдауға дайын», – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Достық пен сенімге құрылған қазақ-армян байланысы бұдан былай да нығая түспек. Сүбелі сұхбаттан түйгеніміз – осы. Бастысы, ынта бар, демек сан салада ынтымақ та болады.

Авторы: Назерке Тоқжан.