Британия Қазақстан үшін маусымдық жұмыс визасы бағдарламасының мерзімін ұзартты

Қазақстан үшін "маусымдық жұмыс визасы" бағдарламасының мерзімі ұзарды.

Бұл туралы арнамызға эксклюзив сұхбат берген  Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон айтты. Статистикаға сенсек, екі жыл бұрын британдық фермаларға 400-ге жуық қазақстандық тартылса, былтыр бұл көрсеткіш 2 700 адамға жуықтапты. Енді маусымдық виза жобасы аясында бұдан да көп еңбек мигранты Тұманды Альбионға аттануы мүмкін.

- Клубникаларды былай ұстамаймыз. Тек қана мынадай веткаларынан бір сантиметрдан ұстаймыз. Себебі жұлған кезде мынадай езіліп қалады. Сол себептен ол брак болып саналады.

Талдықорғанның тумасы Айжан Қамзанова Лонданнан 200 шақырым жердегі бау-бақша фермасында еңбек етіп жүр. ТМД елдерінен Тұманды Альбионға келген жұмысшылармен бірге бүлдірген мен таңқурай жинайды. Айжанның айтуынша, араларында 40 шақты қазақстандық бар.

Айжан Қамзанова, ағылшын фермасының жұмысшысы:

- Жұмыс әрине бастапқыда ауыр болды. Денеміз үйрене алмай, біраз уақыт шаршап, аяғымыз ауырып, тез-тез скоростьқа қолдарымыз ауырып, сондай болды. Қазір уже үйреніп қалдық. Бір жарым айдай болды келгенімізге. Қарыздарымды  жіберіп, ендігі жинап бастап жатырмын.

Қарыз демекші, Focus on Labour Exploitation, қысқаша FLEX атты саяси зерттеу ұйымы тақауда еңбек мигранттарының мәселесіне қатысты баяндама жариялады. 399 сауалнама мен 83 еңбек мигрантынан алынған сұхбаттан біраз нәрсені түйіндепті. Аңдасақ, төртінші бетінде Әмина есімді отандасымыздың цитатасы қойылған. Онда, Ұлыбританияда жұмысқа тұру үшін қазақстандықтар дүние-мүлкін сатып, жұмысынан кетіп, қарызға несие алғаны айтылады. Сөйтіп, белшесінен пайдаға батанына сеніп келген. Ал түптеп келгенде, жағдай олай емес болып шықты. 

Баяндаманың үзіндісінен цитата: Зерттеу көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан жұмысшылардың көбі Ұлыбританияға келу үшін қарызданған, тіпті кей жұмысшы шығынын өтеу үшін мыңдаған фунт стерлинг төлеген. Осы шығындарды толығымен жабу үшін несие алуға тура келген. Бұл берешегі бар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы одан әрі нашарлап, қарыздан құтылу мүмкіндігін төмендетуі мүмкін. Аталған мәселенің шешімін табу үшін әрі қарай талдау жүргізу қажет. Дегенмен, зерттеуге қатысқан операторлар мен делдалдар жұмысшыларды  Ұлыбританияға келу шығынынан босату идеясын қолдап отыр. 

Еуропалық Одақтан шыққалы Тұманды Альбионда жұмыс күшіне сұраныс күрт артқан. Мәселен, 2019 жылы 2500-ге жуық маусымдық жұмыс визасы берілсе, 2021 жылы он есе ұлғайып, 25  500-ден асты. Былтыр 32  700-ден аса еңбек мигранты осы визаға қол жеткізіпті.

Маусымдық жұмыс визасы британдық бау-бақша мен құс шаруашылығының ісін дөңгелетуге беріледі. Жұмыстың түріне қарай рұқсатнама үш айдан алты айға дейінгі мерзімге белгіленген. 

Қазақстандықтар үшін маусымдық жұмыс визасы жобасының мерзімі ұзарады. Бұл туралы Ұлыбританияның сыртқы істер министрі арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Дегенмен Дэвид Кэмерон еңбек мигранттарының құқына қатысты мәселенің барын да айтып қалды. Сол себепті бұл мәселені бірлесіп реттеу керек деді ағылшын лорды. 

Дэвид Кэмерон, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі:

- Бірақ ең бастысы жұмысшылардың құқығы қорғалып, арадағы ашкөз делдалдардың оларды шығынға батыруына жол бермеуіміз қажет. Сіздермен бірлесе отырып, мұндайды болдырмаудың амалын тауып, жалпы заңсыздыққа төтеп бергеніміз жөн. Адамдардың біздің елде жайлы сезініп, жақсы тәжірибе жинап, әрі тапқан нәпақасын шашау шығармай елге жеткізгенін қалаймыз.  

Рас, шетелде табысы мол, бірақ оңай жұмысқа орналастырамыз деген онлайн жарнама өріп жүр. Қай делдалдың ісі таза, қайсысының көкейін тек табыс тескені беймәлім.

Біздікі отандастарымыздың британиядағы батпан құйрыққа қызығып, сан соғып қалмаса екен деген ниет қана. 

Бақыт Топтаева, Ғалымжан Қараманұлы, Арман Ақшабаев, Мұрат Әріпхан