Президент «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.

Аталған құжат Президенттің биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы шеңберінде әзірленді. Оның негізгі мақсаты бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз ету болмақ. Ол үшін алдымен Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылмақ. Бұл ұйым жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін әзірлейді. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" Акционерлік қоры мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқару мен сатып алу процестерін жетілдіру жолға қойылмақ. Оған қоса тұтынушылардың квазимемлекеттік ұйымдар көрсететін коммерциялық қызметтерге қолжетімділігін, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету мен автоматтандыру көзделеді. Мысалы, қазақстандық стандарттар бойынша міндетті түрде жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлемей, объектілерді салу үшін озық халықаралық стандарттарға сай келетін жобаларды пайдалануға мүмкіндік берілмек. Аталған жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге де айрықша көңіл бөлінген.