USD 345,68

EUR 401,20

РУБ 5.46

Рудныйда алғаш рет қалалық марафон өтті

Рудныйда алғаш рет қалалық марафон өтті

Марафонға салауатты өмір салтын ұстанған мыңнан аса тұрғын қатысты. Бұл игі шараға  Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің спортшылары мұрындық болды. Бірлестік құрамындағы компания қызметкерлері де белсене атсалысты.

Алғаш рет өткізіліп отырған «Рудный-Марафонына» жиналғандар жіті дайындалған. Жүгіріске қатысу үшін 1 ай бұрын тіркеліп, бапкерлердің көмегімен жаттыққан. Содан болар барлығы жеңістен үмітті. Мұндай спорт мерекелері Алматы мен Астана қалаларында тұрақты ұйымдастырылып тұрғанымен Рудный сынды моноқалада тұңғыш рет өтіп отыр. Оның үстіне жарыстың құрметті қонағы аты аңызға айналған желаяқ – Марат Жыланбаев. Ол Азия, Африка мен Австралия, Американың ең ірі шөлдерін жүріп өткен жер бетіндегі жалғыз адам.

Марат Жыланбаев, марафонға қатысушы:

– Әрине көңіл-күй көтеріңкі. Спорттық шараның көңілді өтуіне шара ұйымдастырушыларының ықпалы зор. Мұндай оркестрді мен бірінші рет көріп тұрмын. Мұнда жүгіріп жатқан адамдардың барлығы қуанышты. 

Марафонда кез келген адам бақ сынай алды. Алдымен ересектердің содан кейін балалардың жарысы өтті. Ең егде қатысушы 78 жаста. Ереже бойынша 3-5 және 10 шақырым қашықтықты еңсеру керек. Бірақ ешкім жүлдеден құр алақан қалған жоқ. Барлығына бірдей медаль табысталып, сый-сыяпат берілді. Ал жүзден жүйрік шыққандар Астана марафонына жолдама алды.

Серік Дөнбекбаев, «Қазхром» ТҰК» АҚ вице-президенті:

- «Қазхром» компаниясынан 6 адам келді. Мен Қазхромның басқарушы аппаратының атынан қатыссам, қалғандары Ақтөбе және Ақсу  ферроқорытпа зауыттарының өкілдері.  Мен 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өттім.  

Тұңғыш рет өткен Рудный марафоны бұдан былай дәстүрге айналуы мүмкін. Осылайша Соколов-Сарыбай өндірістік бірлестігінің ұжымы бұқараға салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап отыр. Себебі ол Еуразиялық Топтың басты басымдықтарының бірі.  

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы

Хабар 24 әлеуметтік желілерде