USD 332.21 EUR 388.95 РУБ 5.61

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Жарыстардан шеттетілген зілтеміршілер жазасы 8 айға дейін қысқаруы мүмкін

  • 100
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Жарыстардан шеттетілген зілтеміршілер жазасы 8 айға дейін қысқаруы мүмкін

Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы допинг дауынан кейін бір жылға халықаралық жарыстардан шеттетілген болатын.

Енді жаза мерзімі сегіз айға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Астанада Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы конференциясында айтылды. Елордадағы іс-шараға Қазақстаннан бөлек жарыстардан шеттетілген сегіз елдің өкілдері қатысты.

Биылғы жыл отандық зілтемірші қыз-жігіттерге ауыр тиді. Жер-жаһанда басталған допинг дауы біздің елді де шарпып өтті. Қазақстан құрамасының спортшылары әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстардан бір жылға шеттетілді.

Омар Мұстафин, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы:

– Мамандармен жасөспірімдер құрамасына салынған жаза мерзімін азайту туралы талқыладық. Біздің халықаралық талаптарға сай келетін нақты жұмыс жоспарымыз бар. Енді тездетіп, жасөспірімдердің басындағы жағдайды шешу қажет.

Қазақстандық атлеттерден бөлек тағы сегіз елдің спортшылары бір жылға халықаралық жарыстардан шеттетілген болатын. Олардың арасында Қытай, Ресей, Беларусь секілді ауыр атлетикадағы жетекші мемлекеттер бар.

Жазаға ілінген тоғыз мемлекет допингке қарсы күресті бірігіп шешу жолдарын қарастырып жатыр. Астанадағы конференцияда халықаралық допингке қарсы күрес тобын құру туралы да мәселе көтерілді. Бұл бастама Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тарапынан қолдау тапты. Қазақстан қазір допингке қарсы талаптарды орындап жатыр. Алайда тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданатындар әлі де кездеседі.

Патрик Шамаш, IWF допингке қарсы комиссия төрағасы:

– Өткен қателіктерден сабақ алып, болашақта бұл жағдайлардың қайталанбауын қадағалау керек. Сол бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Біз атлеттері допинг қолданбайтын таза Қазақстанның болғанын қалаймыз.

Әлемдік қауымдастықпен қоян-қолтық жұмыс істеу мақсатында Астанада Халықаралық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы мен вице-президентінің кеңсесі ашылды. Енді Қазақстан ауыр атлетикадан Азия мен ТМД өңірінің аймақтық орталығына айналады. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Наурыз Базаров

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top