USD 327.79

EUR 398.12

РУБ 5.23

«Еуразия барысында» қазақ балуандары топ жарды

«Еуразия барысында» қазақ балуандары топ жарды

Алматыда қазақ күресінен «Еуразия барысы» аяқталды.

Бұл турнирдің деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді. Бұған дейін халықаралық жарыс ретінде ұйымдастырылып келсе, биыл «Әлем кубогы» деген айдар тағылды. Грузия мен Моңғолия балуандары мықты еді, осы жолы қатарға жапондар да қосылды. Сонымен қатар Бразилия мен Камерун спортшылары да бірінші рет қатысты. Биылғы жарыста ел намысын екі команда қорғады. Ерлан Естек баптайтын ұлттық құрамадан бөлек, Ғани Келдіқұлов жаттықтыратын Алматы балуандары боз кілемге шықты. Тәуелсіздік мерекесінде қазақ жігіттері намысты қолдан берген жоқ. Боз кілемде балуандарымыз қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Қазақстанның екі командасы финалда жолықты. Тартысты өткен кездесу тең аяқталып, таза жеңістердің есебінен Қазақстан ұлттық құрамасы бас жүлдені иеленді. Жапондарды айқын басымдықпен ұтқан өзбек балуандарына үшінші орын бұйырды.

Кенжи Санаки, Жапония құрамасының жаттықтырушысы:

– Жалпы күрес түрлері бір-біріне өте ұқсас келеді. Әсіресе біздің дзюдо мен қазақ күресі егіз қозыдай. Сондықтан биылғы жарыс әлем кубогы деңгейінде ұйымдастырылып жатқан соң бақ сынауға бел будық. Алғашқы нәтижеміз жаман емес. Жартылай финалға жетіп жығылдық. Жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Ерғали Мұхитдинов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Бүгін біздің Алматы қаласында үлкен мереке. Мереке күні қазақтың сүйікті ұлттық күресінен Еуразия бойынша жарыс болды. Бұл Еуразия жарысының біздің халқымызға да, бізге де пайдасы бар. Қазақ күресінің бүкіл әлемге таралуы, насихатталуы – біз үшін үлкен қуаныш.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде