369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақтың әйгілі баскетболшысы астаналық ізбасарларына шеберлік сабағын өткізді

  • 404
  • UPD: 18:35, 12.01.2018

Қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы, әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов астаналық ізбасарларына шеберлік сабағын өткізді.

КСРО тарихында аты аңызға айналған спортшының елордаға жасаған бұл сапары ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Әсіресе «Астана» баскетбол клубының ойыншылары мен балалар академиясының шәкірттері үшін 1972 жылғы Олимпиада чемпионынан тәлім алу зор мәртебе.

Айта кетейік, Әлжан Жармұхамедов қазір Мәскеуде тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы осыдан 46 жыл бұрын Мюнхенде өткен Олимпиадада топ жарды. Естеріңізде болса, төртжылдықтың басты бәсекесінде жерлесіміз ақтық сында АҚШ құрамасын 51-49 есебімен тізе бүктірген Кеңес Одағы құрамасының мүшесі болды. Бұл ойын әлемдік спорт тарихында естен кетпес сәттерімен ерекшеленді. Шеберлік сабағы кезінде Олимпиада чемпионы өз ізбасарларына сәттілік тілеп, балалар академиясының жұмысын жоғары бағалады.

Әлжан Жармұхамедов, 1972 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы:

Қазір баскетболды жылдам ойнайды. Физикалық мығым әрі техникасы жақсы спортшыларға басымдық беріледі. Бұл тұрғыда Астанада баскетбол спорты дамып келеді. Балалар академиясында білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Бастысы осы қарқынды үдетіп, дарынды жастар қатарын арттыра түсу керек.

Хабар 24 телеарнасы