Олимпиада 2018: Шорт-трекшілердің жолы болмауының себебі неде? - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Олимпиада 2018: Шорт-трекшілердің жолы болмауының себебі неде?

  • 448
Олимпиада 2018: Шорт-трекшілердің жолы болмауының себебі неде? Фото: RuSkating.com

Каннын мұз айдынында саланып барған шорт-трек шеберлері іріктеуден өтпей қалды.

Қазақстан құрамасы эстафетада жартылай финалдан әрі аса алған жоқ. Ал жекелей сында Нұрберген Жұмағазиев ширек финалға да жете алмады.

Ежелгі әдет еді. Аренаға елден бұрын баратын. Мұзды қалай төсейді, спортшылар жаттығуға қалай шығады. Соны көруіміз керек. Сараптау үшін керек, ой ұстатады. Талқыға керек.

Кэй Сайто еске қайдан сап ете түсті десек, мың метрге жарысатын жігіттердің екінші кезегінде Кейта Ватанабэ тіркелді. Жапон спортшысы. Ресейден келген олимпиадашы Семен Елистратов та сонда. Самуэль Жирар да сол топта. Төртеудің екеуі ширек финалға жолдама алады. Нұрберген Жұмағазиевтің қарсыластары ғой. Айдында бірнеше рет айналғаннан кейін Нұрберген зып беріп, алға шыққанда үміт оты қылаң берген. Қайда, Самуэль мен Семен қарқын алып кетті. Нәтижесінде Жұмағазиев мәре сызығын төртінші болып кесті. Бізде де бір ой тұрды. Нұрберген сәлден кейін өтетін эстафеталық жарысқа күш сақтаған шығар деген. Кәріс қызы Чхве Мин Чой 500 метрлікте Олимпиада рекордын жаңартқаннан кейін эстафета кезегі де көп күттірмей келді. Голландиямен күнде бірге жаттықтық. Сыралғы қарсылас. Қытай мен Канаданың осы бір спорт түрінде дәуірі жүріп тұр. Суырылып шығу оңай емес еді. Жалпы қазір оңай не бар? Қиындықты өзіміз іздеп тауып алдық. Эстафета бел ортадан ауғанда. Біздің шорт-трекшілердің бірі құлап қалғанда. Бір айналым озып кеткендерді қуып жету мүмкін бе? Төрешілер Голландияны жазаға тартып, үшінші орын алған болдық. Бірақ финалға шығу мүмкін емес еді. Нұрсерік Жұмағазиев пен Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов пен Абзал Әжғалиев эстафетада енді ғана бірге жүгіріп жүргенін айта кеткен жөн шығар.

Абзал Әжғалиев, ұлттық құрама мүшесі:

– Жаңа құраммен тек осы маусымнан бастап қана бірге өнер көрсетіп жүрміз. Негізі бір-бірімізге үйрену үшін бір маусым жүгіру керек. Алайда бұл құраммен тек жарты маусым ғана шықтық. Сол үшін жақсы нәтиже көрсете алмадық деп ойлаймын.

Еркебұлан Шамуханов, ұлттық құрама мүшесі:

– Мен шыққанда алдымда Қытайдың бір баласы конькиін қатты созып, аяғы маған тиіп кетті. Менің конькиім соның арасына кіріп кетіп, сол үшін құладым. Бұл жарыста негізі аяқ арасын қатты ашып, көтеруге болмайды.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Ольга Цой

Хабар 24 әлеуметтік желілерде