352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада биыл жаңа спорт сарайы қолданысқа беріледі

  • 137

Жекпе-жек түрлеріне арналған кешен қазір сол жағалаудан бой көтеріп жатыр.

Аумағы 27 мың шаршы метр болатын нысан кез келген республикалық, халықаралық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы. Бұған қоса, әрине, спортпен айналысамын деген қала тұрғындарына да әбден қолжетімді болады.

Бокс, күрес, дзюдо не каратэ. Астанада аптасына болмаса да, айына бір рет аталған спорт түрлері бойынша республикалық немесе халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Ал оларды ұйымдастыру үшін тиісті федерациялар көлемі мен ақысы үлкен спорттық залдарды жалдауға мәжбүр. Бірақ бұдан былай бұл мәселе түбегейлі жойылады. Яғни Астана төрінде алып және тек қана жекпе-жек түрлеріне арналған спорттық кешен бой көтеріп жатыр.

Серік Халелов, Жекпе-жек түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары:

- Ішінде 5 мың адамға арналған арена бар. Грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресіне арналған жаттығу залдар болады. Каратэ, таеквондо, дзюдо бойынша залдар болады. Сондықтан осы жерде жастар арасында ұлттық құрамалар жаттығуын өткізіп, ары қарай жарыстарға шығуға мүмкіндіктері бар.

Иә, жаңа кешен, әсіресе, осы жекпе-жек түрлері бойынша ұлттық құрамаларға керемет қолдау болары сөзсіз. Олардың жүйелі оқу-жаттығу жүргізуіне бұнда барлық жағдай жасалады. Яғни бассейн, қонақ үй, спа-орталық, асхана – бәрі қарастырылған. Ал қазір ел намысын қорғап жүрген құрамалар әр жерде дайындалады. «Солардың басын біріктіріп, жоғары деңгейде дамытуға жақсы мүмкіндік және бокс пен күрес десе ішкен асын жерге қоятын Қазақстан халқы үшін керемет сый», – дейді екі дүркін олимпиада жүлдегері Гүзел Манюрова.

Гүзел Манюрова, әйелдер күресі бойынша Қазақстан федерациясы президентінің орынбасары:

- Спорттық мансабымда мен әлемдегі көптеген елде және сол елдердегі ең үздік деген жекпе-жек сарайларында болдым. Сөздің шыны керек, бізде бой көтеріп жатқан кешен сәулеті жағынан да, ауқымы жағынан да көпшілігінен асып түседі. Бұл кәсіпқой спортшылар үшін де, әуесқой спортшылар үшін де, қала берді спорт жанкүйерлері үшін де керемет сыйлық болғалы тұр.

Астанадағы жекпе-жек сарайы жоспар бойынша биылдан қалдырмай қолданысқа берілуі керек.

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров, Жандос Битабаров 

Хабар 24 телеарнасы