352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ӘЧ-2018: Ширек финал Уругвай - Франция кездесуімен басталады

  • 244
ӘЧ-2018: Ширек финал Уругвай - Франция кездесуімен басталады ukrinform.ua

Ертең Ресейде доп додасы жалғасады.

Үздік сегіз команда арасындағы ширек финалдық сайыс Уругвай - Франция кездесуімен басталады. Дәл қазір жұрт назары Латынамерикалық командаға ауды. Себебі құраманың негізгі ойыншысы Эдинсон Каванидің жағдайы белгісіз. 1/8 финалда Португалия қақпасына екі доп соққан шабуылшы сол матчта жарақаттанып қалған болатын. Футболшы соңғы жаттығу жиынына қатысқан жоқ. Ал француздардың төрт көзі түгел. Үш жолақты елдің футболшылары Мәскеу маңындағы базада дайындықтарын пысықтады. Дешам шәкірттерінің көңіл-күйі жақсы. Әсіресе 19 жастағы талант Килиан Мбаппенің адымы ашылып келеді. Аргентинаға қарсы ойында екі мәрте мергендік танытқан ойыншы жылдамдығымен есте қалды. Франция құрамасының тағы бір жұлдызы Антуан Гризманның шеберлігі Уругвай қорғаушылары Хосе Хименес пен Диего Годинге жақсы танысты. Уругвай - Франция кездесуі ертең Астана уақытымен кешкі сегізде Төменгі Новгород қаласында басталады.

Блез Матюиди, Франция құрамасының футболшысы:

– Біз Уругвай командасының қарымын жақсы білеміз. Кавани – мықты шабуылшы, сондықтан оның орны бөлек. Егер ол алаңға шықпаса, Уругвай тактикалық өзгерістер енгізеді. Әрине Каваниге қарсы тұру қиын. Бірақ біз команда болып ойнаймыз. Уругвай алдымен қорғанысы күшті құрама, олар осы әлем чемпионатында бір гол ғана жіберді. Сондықтан аса тартысты қиын кездесу күтіп тұр.

Хабар 24 телеарнасы