352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада ұлттық спорт түрлері ұлықталды

  • 161
Елордада ұлттық спорт түрлері ұлықталды

Ұлттық ойынымыз көкпардан ел чемпиондары анықталады.

Осымен 18-рет ұйымдастырылған байрақты бәсекенің финалдық ойынында Түркістан облысынан келген шабандоздардың мерейі үстем болып, айы оңынан туды. Ал жамбылдық жігіттер екінші орынға тұрақтады. Үшінші орын үшін таласта маңғыстаулық мықтылар қызылордалықтарды сан соқтырып, қола жүлдеге иемденді. Айта кету керек, жыл сайын көкпардан ел чемпионаты республиканың оңтүстік өңірлерінде ұйымдастырылатын. Алайда биыл Астананың 20 жылдығына орай елордадағы «Қазанат» атшабарында өтті. Сондай-ақ бүгін 29 маусым күні байрағы көтерілген аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату бәсекелерінің үздіктері марапатталды.

Айта кетейік, елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бәйгенің жаңа ғана 16 шақырымдық кезеңі аяқталды. Топ бәйгеде Алматы облысынан келген «Мұрагер» атты сәйгүлікке мінген Ақжол Жұматай мәреге бірінші болып жетті. Оның ізін ала Қарағанды облысының атынан жарысқа шыққан, «Лайт Энджл» атты тұлпармен Рахман Әлішер екінші келді. Үштікті тағы бір алматылық сәйгүлікке мінген астаналық шабандоз Курванжан Арнұр түйіндеді. Топ бәйгенің бас жүлдесі – 3 миллион 300 мың теңге. Қазір атшабарда аламан бәйге мәресіне жетті. Бұл бәсекенің бас жүлдесіне 6 миллион 600 мың теңге тігілген. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.

Хабар 24 телеарнасы