352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Футболдан ӘЧ: Ресейге 5 миллионға жуық турист келді

  • 240

Адамдар ағынының басым бөлігі ел астанасына тиесілі.

Мәскеуге футбол ойынын көру үшін 2 миллион 700 мың турист табан тірепті. Бұл ақпарды Ресей Федерациясының туризм жөніндегі федералдық агенттігі мәлімдеді. 

Ресейде футболдан әлем чемпионаты күндері туристердің саны айтарлықтай артқан. Мәселен, Мәскеуде 19 пайызға, ал Саранскіде келушілердің қатары 1678 пайызға ұлғайған. 300 мың ғана тұрғыны бар Саранск үшін бұл тарихи жағдай болды. Мордовия астанасына он мыңға жуық перулік келіп-кеткен соң шаһар Перуанск деп аталатын жаңа бейресми атауға ие болды.

Шетелдіктерді ресейлік қаланың атаулары әбден әбігерге салды. Бірі Ростов-на-Донуды Ұлы Ростовпен шатастырса, бірі Төменгі Новгордқа жол жүріп, Ұлы Новгордтан бір-ақ шыққан. Ал қытайлық туристер Мәскеу университетін тамашалаудың орнына Мордовиялық жоғары оқу орнына барып қайтқан. 

Олег Сафонов, РФ туризм жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы:

- Түрлі қызықты жағдайлар болды. Жанкүйерлер Төменгі Новгордты Ұлы Новгородпен шатастырып алған. Бірақ жергілікті тұрғын шетелдіктерді жақсы қарсы алған. Туристер де футболды көре алды. Тек стадионнан емес, үлкен плазмалық теледидардан. Біздің адамдар ақпейіл ғой. Ешкімді қиындықта қалдырмайды.

Мундиаль өткен қалаларда туристер ағыны орта есеппен он есеге өскен. Ұйымдастырушылар жанкүйерлердің жағдайын жасау үшін түрлі қулыққа барған. Мысалы, Мәскеудегі ойынның кестесі жол кептелісін ескеріп жасалынған.

Александр Поляков, Мостранспроект директоры:

- Мәскеуде жұма күндері ойын өткен жоқ. Себебі жаз уақытында тұрғындар қала сыртына кетеді. Сондықтан жұмада мүлдем ойын болмады. Ұзын сонар жол кептелісінің де алдын алдық.

Қоғамдық көліктер де мундиальға ерекше жауапкершілікпен қарады. 2018 жылғы әлем чемпионатының тағы бір ерекшелігі, жанкүйерлер жер астында да ойынды тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Юлия Темникова, Мәскеулік метрополитеннің өкілі: 

- 18,5 миллионнан аса жолаушы метрода отырып-ақ 50-ге жуық тікелей эфирді тамашалап үлгерді. Мұндай жаңашылдық әлем бойынша біздің елде алғаш рет болып тұр.

Мәскеу билігі жанкүйерлер үшін сыйымдылығы 25 мың адамды құрайтын фанзонаны ұсынды. Десе де футболсүйер қауым ең көп жиналған аймақ Никольский көшесі болды. Қызыл алаңнан бастап Лубянкаға дейінгі аумақта күндіз-түні мереке. Ал төрттік финалға Мәскеу «Спартак» стадионының жанынан тағы бір жанкүйерлер алаңын сыйға тартуды жөн санаған. Сочиде өтетін Ресей-Хорватия ойынынан бастап бұл алаң есігін келушілерге айқара ашады. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы