359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада спортшылар жамбы ату мен теңге ілуден өзара мықтыны анықтады

  • 251

Астанада қазақтың ұлттық ойындары бойынша жарыс өтті. Бұл ойындар «Ұлы дала рухы» фестивалі аясында ұйымдастырылған.

Спортшылар жамбы ату мен теңге ілуден  өзара мықтыны анықтады.

«Қазанат» атшабарында қызу тартыс. Түркістан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының шабандоздары теңге алу мен жамбы атудан өзара мықтыны анықтады. Қазақтың ұлттық ойындарында түркістандықтар көш бастап тұрғанын дәлелді. Теңге алудан 10 ұпайға қол жеткізген олар «Ұлы дала рухы» фестивалінің ақтық сынына жолдама алды.

Ғалымжан Ізжанов, жеңімпаз:

- Жарыс өте қиын болды. Арнайы дайындықтан өттік бұл жарысқа келу үшін. Бұл жарыста Тараз қаласы мықтылық көрсетті. Солармен финалға дейін шықтық. Солардан мықтылығымызды білдіріп, жеңдік. Сентябрьде ұлы даланың финалы болады. Сонда үлкен нәтижеге жетіп, Түркістан облысының туын көтергім келеді. 2021-де ұлттық спорттан Олимпиада болады. Сол Олимпиадада қазақтың туын желбірету менің мақсатымда бар.

Бүгінгі жарыс үлкен сайыстың іріктеу кезеңі ғана. Мұнда тек 30-ға жуық спортшы бағын сынады. Ал 11-16 қыркүйек күндері елордамызда өтетін ақтық кезеңге бүкіл республикадан 700-ден астам спортшы жиналады. Олардың арасында көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық атуды игерген сайыпқырандар бар.

Айнұр Оразова, ұйымдастырушы:

- «Ұлы дала рухы» фестивалі елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Спорттық сайыстың іріктеу кезеңдері еліміздің 4 өңірінде өткізіліп жатыр. Бүгін оңтүстік өңірлер амбы ату мен теңге ілуден өзара мықтыны анықтады. Ал дәл қазір Шымкент қаласында тоғызқұмалақ, асық ату және қазақша күрес бойынша сайыстар жүргізілуде. 

«Ұлы дала рухы» фестивалі еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Жарыстар Шымкент, Ақтөбе, Павлодар қалаларында өз жалғасын табады. Ал ертең қазақ ұлттық ойындарының әуесқойлары дәл осы алаңда аударыспақ шеберлерінің өнерін тамашалай алады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы