369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қамшының сабындай ғана ғұмыр кешкен «Қазақтың Денисі»...

  • 162

Қазақ елі бүгін даңқты ұлы Денис Теннен айырылды.

Алматы қаласында спортшымызға әлдекімдер шабуыл жасап, пышақтап кеткен. Ауыр жарақаттан көп қан жоғалтқан Денис ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның жанына араша түсе алмады.

Қарақшылық мақсатындағы шабуыл бүгін күндізгі сағат үш кезінде Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында жасалған. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түседі. Арада басталған жанжалдың нәтижесінде қаскөйлер Денис Тенді пышақтап, оқиға орнынан із суытқан. Спортшы қансыраған күйде ауруханаға жеткізіледі. Бірақ даңқты Денистің өміріне дәрігерлер араша түсе алмады.

Нұржан Исабеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Науқас түскен кезде өте ауыр халде еді. Барлық жағдай жасалды. Соған қарамастан осындай жағдай тіркелді. Негізгі себеп – жарақаттың орналасуы және қанның кетуі. Жарақаты аяқ жағында болған.

Денис Тенге қастандық жасағандар қазір іздестіріліп жатыр. Бұл іске процессуалды прокурорлар тағайындалып, тергеуді Бас прокурор жеке бақылауына алды. Дереу сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл іске қалалық ІІД мен министрліктің ең тәжірибелі деген қызметкерлері жұмылдырылып отыр.

Ақылбек Үмбетәлиев, қалалық ІІД Тергеу ісі басқарамасы басшысының орынбасары:

- Қазір осы оқиғаға қатысты «Қасақана адам өлтіру» бойынша іс қозғалды. Күдіктілерді іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр.

Бұл абыройлы ұлдың жарқын бейнесі, жарқын сәттері еді. Ол қамшының сабындай ғұмырында биік белестерді бағындырып, таудай жетістіктерге жетті. Көк туымызды әлемдік аренада бір емес, талай мәрте желбіретті. Еліміздің абыройын асқақтатып, мәнерлеп сырғанаудың үздік мектебін қалыптастырды. Шетелдіктер оны тегімен емес, «Қазақ Денисі» деп атап кеткен. Міне, сол аймаңдай ұлынан елі бүгін көз жазып қалды. Ол маусым айында ғана 25 жасқа толған еді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, өңірдегі тілшілердің көмегімен

Хабар 24 телеарнасы