Денис Теннің «Хабар» агенттігіне берген соңғы сұхбатынан: Мен Қазақстанда тудым, осында қаламын - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,39

EUR 409,95

РУБ 5.43

Денис Теннің «Хабар» агенттігіне берген соңғы сұхбатынан: Мен Қазақстанда тудым, осында қаламын

Денис Теннің «Хабар» агенттігіне берген соңғы сұхбатынан: Мен Қазақстанда тудым, осында қаламын

Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қатарынан үш бірдей олимпиада ойындарына қатысып, соның ішінде Сочи олимпиадасында жүлдегер атанып, әлемнің айтулы спортшылары қатарынан ойып тұрып орын алған сайыпқыран еді.

Ел спортында ғана емес, халықаралық деңгейде жарқ еткен жарық жұлдыз артында үлкен жеңісті жол қалдырды.

Денис Тен қамшының сабындай қысқа ғұмырында спорттың шыңына шықты. Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік жарыстардан жүлде алған жалғыз саңлақ еді. Қазақ елінің спортшылары бұл сайыста бұрын-соңды олимпиада мен әлем чемпионаттарында көзге түскен емес. 2014 жылғы Сочи олимпиадасында Денис талайларды таң қалдырып, қола медальға қол созды. Әлем чемпионатының күміс медалін мойнына тақты. Дүниежүзілік біріншіліктің қоласын да еншіледі. Қысқы спорттағы айтулы жарыстардың барлығынан жүлде алған спортшы биыл Пхенчхан ойындарында да өз өнерін паш етті. Алайда оқыстан алған жарақат Денистің сәтті өнер көрсетуіне кедергі болды.

Денис Тен, мәнерлеп сырғанаушы:

- Осы Олимпиадаға қатысуымның өзі – мен үшін жетістік. Себебі Пхенчханға дейін көп жарақатым болды. Соңғы бірнеше айдан бері аяғымның ауырғанынан ұйқым бұзылғаны рас. Бірақ соған қарамай, осында келдім. Өйткені бұл Олимпиаданы асыға күттім. Сочиден кейін спорттан кету туралы ойым болған еді. Енді, міне, Кореяда жүрмін, келгеніме қуаныштымын. Жақсы өнер көрсетпегенім көңіл көншітпеді. Қазақстан құрамасының спортшыларына сәттілік тілеймін. Спорттағы ғұмырымды осылай аяқтағым келмейді. Мен әлі өз жанкүйерлерімді қуантамын.

Денис Тен қысқы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздікке мойыған жоқ. Ауыр жарақат спортшыны жасыта алмады. Қайта ол өзін жаңа қырынан көрсетіп, көпке үлгі бола білді.

Жанкүйерлерін қуантуды мақсат еткен спортшы Алматы мен Астанада өз жоспарларын жүзеге асырды. «Денис және оның достары» шоуы шетелдік жанкүйерлердің де асыға тосатын мерекесіне айналды.

Денис Тен балаларды жақсы көрді. Тілшілерге берген сұхбаттарында шеберлік сабақтарын өткізіп, өз білгенін жеткіншектермен бөлісуден керемет ләззат алатынын айтатын. 

Денис мамыр айында ғана «Хабар» агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, спорттық ғұмырындағы белестерді сөз етіп, өмірлік көзқарастарын ортаға салған еді.  

Денис Тен есімі көпшіліктің есінде саңлақ спортшы ғана емес, кішіпейіл, кең жүректі адам ретінде мәңгі сақталады. Ол спорттан бөлек музыканы, жалпы әдемілікті жақсы көрді. Отанды сүюдің қандай болатынын қысқа ғұмырында дәлелдеп кетті. Соңғы бес жылда Америкада тұрған спортшы ешқашан елін ұмытқан жоқ.

Біздің арнаға берген соңғы сұхбатында Денис Тен былай деген еді: «Мен осында тудым, осында қаламын. Отанға деген сүйіспеншілік әдемі сөзден емес, қарапайым қағидадан тұрады. Мысалы, сен көшеде келе жатып, айналаға құрметпен қара».

Жас болса да өмірге пәлсапалық көзқараспен қараған саңлақтың соңғы демі кіндік қаны тамқан қалада үзілді...  

Хабар 24 әлеуметтік желілерде