361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропа лигасы: «Қайрат» Андорраның «Энгордань» клубын тас-талқан етіп ұтты

  • 143
Еуропа лигасы: «Қайрат» Андорраның «Энгордань» клубын тас-талқан етіп ұтты

Бүгін, 19 шілде күні футболдан Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» Андорраның «Энгордань» клубын қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Бір апта бұрын екі команда алғашқы кездесуін өткізді. Онда «Қайрат» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Сондықтан қарымта кездесуде «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Феррер негізінен жастарға сенім артуы мүмкін екені айтылды. Расында, бапкер бүгінгі кездесуде жастарды жасыл алаңға шығаруға ниет танытты. Алғашқы минуттан негізгі құрамда Ян Вороговский, Айбол Әбікен, Магомед Парагульгов сынды жігіттер ойынға шықты. Сонымен бірге олардың қатарына Владимир Плотников, Гафуржан Сүйімбаев, Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Акош Элек, Адеринсола Эсеола, Мартон Эппель сынды жігіттер қосылды. Өткен ойында жасыл алаңға шыққан Александр Соколенко, Нұрәли Әліп, Исаэль, Вячеслав Швырев, Георгий Жуков бұл жолы қосалқы құрамда отырды. Ал Андрей Аршавин ол тізімге енгізілген де жоқ.

Алматыдағы кездесу «Қайраттың» басымдығымен басталды. Біздің жігіттер алғашқы сәттен тізгінді өз қолында ұстады. Гол соғу да көп күттірген жоқ. Небәрі 4-минутта «Қайраттың» венгриялық шабуылшысы Мартон Эппель «Энгордань» қақпашысын қапы қалдырды. Бұдан кейінгі уақытта алматылықтар айқын басымдығымен көзге түсті. Андорралық футболшылар өз аумағынан алысқа ұзай алған жоқ. «Қайрат» жігіттері оң қанаттан да, сол қанаттан да шабуылды үдете түсті. Ал 11-минутта Мартон Эппель есепті еселей түсті. Әріптестері оған андорралық қақпашымен бетпе-бет келу мүмкіндігін жасады. Оны Эппель мүлт жіберген жоқ. Ол осылайша екі ойын барысында соққан гол санын үшеуге жеткізді.

«Қайрат» сапынан Адеринсола Эсеола да қанжығасын майлады. Бұл 42-минут болатын. Арада екі минут өткенде Мартон Эппель хет-трик жасады. Мамандардың айтуынша, ол біздің клубтардың Еурокубок ойындарында жасаған тұңғыш хет-тригі саналады. Екінші кезеңде де алматылықтар сол қарқынды қимылын көрсетті. Команда капитаны Бауыржан Исламханның да қоржыны бос қайтқан жоқ. Ол 53-минутта қарсыластар қақпасы алдында өзінің шеберлік деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Есеп – 5:0. «Энгордань» командасы да Қазақстаннан құр қол қайтуды құп көрген жоқ. Олар 72-минутта есеп айырмасын қысқартты. Бұл гол «Энгордань» Морган Ляфонның еншісіне жазылды. Ал 75-минутта Мартон Эппель покер жасады. Есеп – 6:1. «Қайраттың» гол соғуы мұнымен тоқтаған жоқ. 87-минутта есеп 7:1-ге жетті. Гол авторы – Ян Вороговский.

«Қайраттың» жарыстың екінші кезеңіндегі қарсыласы – Голландияның Алкмар қаласының АЗ командасы. Алғашқы ойын 26 шілдеде Алматыда өткізілсе, қарымта кездесу 2 шілдеде болады.

Хабар 24 телеарнасы